
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында арнайы балет бағдарламасын ұсынып, жаңа сахналық алаңның ашылуын атап өтті. Сахналық кеңістіктің кеңеюі театрдың шығармашылық қызметін одан әрі дамытуға, қойылымдар санын арттыруға және мәдени іс-шаралардың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған. Алдағы уақытта бұл алаңда балет және опера спектакльдерін, гала-концерттерді, сондай-ақ түрлі білім беру жобаларын өткізу жоспарланып отыр.
Ашылу бағдарламасын театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова жасақтады. Бағдарламаға енген қойылымдар классикалық және заманауи хореографиялық өнерді тоғыстырып, балет дәстүрінің сабақтастығын және театр ұжымының дамуындағы жаңа кезеңді айқындай түсті.
Кештің алғашқы бөлімінде көрермен назарына Михаил Фокиннің романтикалық балеттің көрнекті үлгілерінің бірі саналатын «Шопениана» қойылымы ұсынылды. Ал екінші бөлімде хореограф Раймондо Ребектің уақыт феноменін және адамның оны қабылдауын философиялық тұрғыда зерделейтін «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балеті көрсетілді. Спектакль барысында дирижер тұғырында Руслан Баймурзин болды.
Жаңа сахнаның ашылуы театр әртістері үшін де маңызды шығармашылық оқиғаға айналды. «Шопениана» балетінде Алина Зырянова алғаш рет №7 вальс партиясында, ал Акбар Иминов Бозбала партиясында дебют жасады. Ал Раймондо Ребектің қойылымында Досхан Зайдин Жастық шақ бейнесін тұңғыш рет сахнаға шығарды.