Заманауи балет және ұлттық болмысты пайымдау: Гүлжан Түткібаева сахна, тарих және болашақ туралы

Заманауи балет және ұлттық болмысты пайымдау: Гүлжан Түткібаева сахна, тарих және болашақ туралы

Балет – сезімді би тілімен жеткізіп, қозғалыс арқылы баяндайтын, әртүрлі дәуірлерді өзара сабақтастыратын ерекше өнер. Балет тілі арқылы сахна адам болмысы, оның таңдауы, тағдыры мен ішкі әлемі туралы сыр шертіп, өткен мен бүгінді біртұтас көркем кеңістікте тоғыстырады. Бүгінде балет классикалық қалып шеңберінен шығып, философиялық ой-толғамдарға, ұлттық мұра мен қазіргі заманның өзекті мәселелеріне батыл бет бұруда.

Қазақстанда балет мазмұндық тұрғыдан жаңғыру кезеңін бастан өткеріп отыр. Ұлттық образдар мен тарихи тақырыптар заманауи хореография, сценография және визуалдық тіл арқылы жаңаша пайымдалып келеді. Мұндай қойылымдар көрермен үшін жай ғана спектакль емес, дәуірлер, дәстүр мен болашақ арасындағы терең диалог алаңына айналуда.

Осы бағыттағы мағыналы әрі ауқымды туындылардың бірі – «Ұлы Жібек жолы» балеті. Бұл қойылымда Ұлы Жібек жолының тарихи бейнесі мәдени алмасу, рухани сабақтастық пен адамгершілік құндылықтардың философиялық метафорасы ретінде ашылады. Балет өнерінің дамуы, сахналық ойлау жүйесі, ұлттық тақырыптардың рөлі және аталған қойылымның маңызы туралы біз қазақтың прима-балеринасы, хореограф, балетмейстер әрі педагог Гүлжан Түткібаевамен әңгімелестік.

– «Ұлы Жібек жолының» көркемдік ерекшелігі неде? Өзге жобалардан несімен өзгеше?

– Ең алдымен, «Ұлы Жібек жолы» балеті өзінің идеялық өзегімен және тұтас, заманауи көркемдік концепциясымен ерекшеленеді. Ұлы Жібек жолының өзі кең тақырып. Ол бір мезгілде тартымды, өзекті әрі балет өнері арқылы бейнелеу тұрғысынан күрделі. Қойылым көпқырлы хореографияның, қимыл пластикасының мұқият ойластырылған стилистикасының, сценографияның, жарық шешімдерінің және заманауи технологиялар арқылы жүзеге асқан визуалдық эффектілердің синтезі ретінде құрылған.

Ұлы Жібек жолы тақырыбы режиссер үшін де, көрермен үшін де өте қызық. Себебі мәдени диалог идеясына негізделген.

Қойылымның басты идеясы – ең үздік дәстүрлерді сақтау, адамдар мен халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты ғасырлар бойы жоғалтпай, болашаққа жеткізу қажетін көркем тілмен жеткізу.

– Балет философиялық желі арқылы өткенді, бүгінді және болашақты байланыстырған. Тарих, философия және заманауи көркем ойдың түйісу нүктесі ретінде Ұлы Жібек жолын таңдауыңызға не себеп?

– Ұлы Жібек жолы Қазақстан тарихында айрықша рөл атқарды. Ол мәдени, рухани және өркениет алмасулардың кеңістігіне айналып, идеялар, наным-сенімдер, көркем формалар мен білімнің еркін қозғалуына жол ашты. Соның нәтижесінде қалалар қалыптасып, дәстүрлер мен халықтардың дүниетанымы байыды. Біз үшін Ұлы Жібек жолын мәдениеттер арасындағы диалогтың, сыйластық пен бейбітшіліктің символы ретінде ашу маңызды болды.

Бұл құндылықтар қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлем өткен мен болашақтың арасынан қайтадан ортақ байланыс нүктелерін іздеп отырған кезеңде өмір сүріп отырмыз.

Балет тілі арқылы біз өз тамырынан ажырамай, өзге мәдениетпен тіл табыса білген қоғам ғана ертеңге нық қадам баса алатынын жеткізгіміз келді.

– Қойылымның мазмұндық әрі философиялық бағыты қандай, көрерменге қандай ой жеткізуді көздедіңіз?

– Бұл қойылымды біз уақыт кеңістігіндегі сапар ретінде құрдық. Оның басты мақсаты – көрерменді бір сәтте болашақ туралы ойландыру, бүгінгі жағдайға назар аударту және өткенге үңілуге жетелеу. Цифрлық дәуірден Ұлы Жібек жолы кезеңіне өтетін сахналық шешім жай ғана уақыт айырмасын көрсету үшін емес, әр дәуірдің құндылықтарын салыстырып, олардың мәнін пайымдауға мүмкіндік беретін көркем тәсіл ретінде қолданылды.

Басты кейіпкердің жолы арқылы көрермен әртүрлі көңіл күй мен сезімдерді бастан кешіреді. Ал сюжеттік құрылым белгілі бір дәуірді, рухани ахуалды немесе идеяны білдіретін айқын бейнелер мен мінездер тізбегін көрсетуге бағытталған.

– Қойылымдағы осы көркем ойды ашуда этникалық элементтердің рөлі қандай?

– Бұл қойылымда этникалық элементтердің маңызы айрықша. Өйткені олар спектакльдің көркемдік әрі мағыналық негізін қалыптастырады. Ұлттық костюмдер, қимыл-пластиканың сипаты, сахналық кеңістіктің шешімі мен бейнелік образдар жай ғана әшекей немесе фон емес – барлығы қойылым драматургиясынан туындап, негізгі идеяны ашуға қызмет етеді.

Этникалық сарындар арқылы көрермен әр көріністің мәдени кодын, тарихи контекстін және ішкі атмосферасын түйсінеді. Қойылымның визуалдық тілі көбіне символдарға құрылған. Сахналық шешімдер, қозғалыс, жарық пен хореография сөз артық болатын тұстарда мағынаны дәл жеткізуге мүмкіндік береді.

– Бұл қойылымның көркемдік тұтастығын қалыптастыруда шығармашылық топтың жалпы үлесін қалай бағалайсыз?

– Шығармашылық үдерістің әрбір қатысушысы бұл жұмысқа тек кәсіби тәжірибесін ғана емес, жеке жауапкершілігі мен жан-тәнімен берілген ықыласын қоса білді. Композитор Айгерім Еркебаева үшін бұл екі актілі балет жазудағы алғашқы тәжірибе болды. Соған қарамастан, музыка тұтас, драматургиялық тұрғыдан дәл құрылған әрі хореографиямен табиғи үйлесім тапты.

Қойылым суретшісі Александра Рычкова жобаға үлкен қызығушылықпен қарап, оның идеялық өзегін терең сезіне білді. Жарық бойынша суретші Татьяна Мишинаның да еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол – жоғары деңгейдегі шебер, оның жарық шешімдері сахнадағы әрекетті жай ғана айқындап қоймай, әр көріністің эмоциялық ахуалын қалыптастырып отырады. Бейне-контент суретшісі Марат Сағатдинов спектакльдің стилі мен көңіл-күйін өте дәл тауып, визуалдық тілін шеберлікпен толықтырды.

Сондай-ақ ассистенттер Руслан Қадыров, Олжас Маханбетәлиев және Гүлвира Құрбанованың рөлін айрықша атап өткім келеді. Олар жұмысқа жоғары кәсібилікпен, жауапкершілікпен әрі шығармашылық көзқараспен қарап, жобаға толықтай берілді. Дәл осындай командалық бірлік қана тұтас әрі қуатты көркем туындының дүниеге келуіне мүмкіндік береді.

– Премьераны көрермен қалай қабылдады? Бұл балетке деген жұртшылықтың қызығушылығының сыры неде? Репертуарда ұзақ уақыт сақтала ала ма?

– Көрермен премьераны өте жылы қабылдады. Шынын айтсам, мұндай ықылас пен үлкен қызығушылықты күтпедім. Мен үшін ең маңыздысы – көрермен қойылымды жай ғана көріп қоймай, оны жүрегімен қабылдап, астарындағы ойды сезіне алғаны.

Қойылымның репертуардағы болашағына келсек, бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Кез келген балеттің ғұмырына әсер ететін фактор көп, бірақ бәрібір соңғы сөз – көрерменде. Біз спектакльді ең алдымен көрермен үшін жасаймыз, ал оның сахнада қанша уақыт өмір сүретіні де көрерменнің ықыласы мен қызығушылығына байланысты.

– Мұндай қойылымдардың ұлттық өнерді дамытудағы және оның шетелде танылуына ықпалы қандай деп ойлайсыз?

– Қазіргі балет – тек классикалық би шеңберімен шектелмейтін, өзге өнер түрлерімен және жаңа технологиялармен еркін тілдесетін жанр. Осы ерекшелік оның аудиториясын кеңейтіп, ұлттық мәдениетті бүгінгі көрерменге жақын әрі түсінікті формада ұсынуға мүмкіндік береді.

Дәстүр мен заманауи көркем тәсілдердің үйлесуі ұлттық өнерді жаһандық мәдени кеңістікке табиғи түрде енгізуге жол ашады. Ал, өткен мен бүгінді сабақтастырған мұндай қойылымдар ұлттық құндылықтарды жаңаша пайымдап, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты сақтауға және қазақ өнерінің халықаралық сахнада өз орнын табуына қызмет етеді деп ойлаймын.

301
03.02.2026