
Креативті индустриялар саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер өз жобаларын әлеуетті инвесторлар мен демеушілерге таныстырып, жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік алады. Креативті индустрияларды дамыту қоры Qazaq Creative питчинг-сессиясына қатысуға өтінім қабылдауды бастады.
The Pitch – креативті жобаларды таныстыруға, іскерлік байланыстар орнатуға және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға арналған кәсіби алаң. Сессия барысында қатысушылар өз жобаларының негізгі идеясын, мақсатты аудиториясын, даму әлеуетін және әлеуетті серіктестер үшін тиімді тұстарын таныстырады.
Әр қатысушыға жобасын таныстыру үшін 3 минут уақыт беріледі. Бұл формат кәсіпкерлерге өз идеясының құндылығын қысқа әрі нақты жеткізіп, жобаны одан әрі дамытуға қажетті серіктестік мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.
Питчингке Қазақстанның барлық өңірінен креативті индустрия субъектілерінің ресми тізіліміне енгізілген жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қатыса алады.
Өтетін күні мен орны: 2026 жылғы 22-27 қараша, Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2. Іс-шара офлайн форматта өтеді.
Өтінім қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 28 қазаннан 15 қарашаға дейін, сағат 23:59-ға дейін.
Қатысу үшін үміткерлер питчинг регламентімен танысып, Қордың платформасы арқылы өтінім жіберуі қажет.
Маңызды: питчингке қатысу жобаны қаржыландыруға кепілдік бермейді. Жобаларға қолдау көрсету туралы шешімді инвесторлар, демеушілер мен мүдделі тұлғалар өз бетінше қабылдайды.