Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу бағытында кешенді жұмыстар жалғасуда

Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу бағытында кешенді жұмыстар жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың III отырысында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын заман талабына сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеу қажеттігін атап өтті.

Осы тұрғыда еліміздің бай мұрасын сақтау және насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде Қазақстанда тарихи-мәдени мұра нысандарының саны 25 мыңнан асады. Олардың 265-і – республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері ретінде тіркелсе, 12 мыңнан астамы – жергілікті маңызы бар. Ал 10 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген.

Сондай-ақ материалдық емес мәдени мұра элементтерінің Ұлттық тізімі қайта зерделеніп, бұрынғы 45 элементтің саны 79-ға дейін артты. Қазіргі кезде Қазақстан атынан Адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне 14 элемент енгізілген.

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл бағытта мемлекеттік органдармен және халықаралық қауымдастықтармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде.

Бұл ретте министрлік үш негізгі бағытқа басымдық беріп отыр:

Бірінші бағыт – Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға сәйкес, ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу.

Аталған бағыттағы басым мәселелер қатарына ЮНЕСКО стандарттарын сақтау, қорғалатын және буферлік аймақтарды мониторингілеудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген 10 ескерткішті басқаруға арналған менеджмент-жоспар әзірлеу жатады. Бұл мәселе бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті елімізге бірнеше рет назар аударған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер туралы бірыңғай цифрлық база құру мәселесі қаралуда.

Қазақстан ескерткіштерін халықаралық деңгейде кеңінен таныту мақсатында оларды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы ЮНЕСКО тізіміне 11 жаңа қазақстандық ескерткіш енгізіледі деп күтілуде.

Екінші бағыт – ЮНЕСКО конвенциясының қағидаттарына сәйкес, материалдық емес мәдени мұраны немесе «жанды» мұраны сақтау және қолдау.

Бұл бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – мұраларды сақтау ісімен тікелей айналысатын әкімдік қызметкерлерінің, білім, ғылым және мәдениет мекемелері мамандарының біліктілігі мен кәсіби деңгейін арттыру.

Жойылып кету қаупі бар элементтерді түгендеуге бағытталған кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу де аса маңызды. Осы арқылы материалдық емес мұраны басқарудың тиімді тетіктері әзірленеді деп күтіледі.

Жақында ғана «Беташар» рәсімінің мәдени маңызы халықаралық деңгейде танылды. Бұдан бөлек, «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» эпосы жобалары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылды.

Үшінші бағыт – ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында құжаттық мұраны сақтау, оның қолжетімділігі мен танылуын қамтамасыз ету.

Бүгінде ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізімінде еліміздің төрт құжаттық мұрасы бар. Олар – Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті Бақырғанидың қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының аудиовизуалдық құжаттары, Арал теңізі архив қорларының құжаттары және «Хандар шежіресі» атты бірегей қолжазба.

Еліміздің тарихи-мәдени мұраларын сақтау және оларды келешек ұрпаққа құндылығын жоғалтпай жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

505
26.04.2025