Qazaq Creative питчинг-сессиясына өтінім қабылдау аяқталды

Qazaq Creative питчинг-сессиясына өтінім қабылдау аяқталды

Креативті жобасын дамытып, оны жаңа деңгейге шығарғысы келетін кәсіпкерлерден 70 өтінім түсті. The Pitch питчинг-сессиясына өтінім қабылдау аяқталды. Қатысушылар Қазақстанның түрлі өңірінен өз жобаларын ұсынды.

The Pitch – креативті жобалар мен әлеуетті серіктестерді кездестіретін кәсіби алаң. Мұнда кәсіпкерлер өз идеяларын инвесторлар мен демеушілерге таныстырып, жобаларын дамытуға қажетті байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.

Келесі кезеңде келіп түскен өтінімдер қаралып, питчингке қатысатын жобалар іріктеледі. Іріктеуден өткен қатысушылар өз идеяларын сарапшылар мен әлеуетті серіктестер алдында қорғайды. Әр қатысушыға жобасын таныстыру үшін небәрі 3 минут беріледі. Осы уақыт ішінде олар жобаның негізгі идеясын, мақсатты аудиториясын және даму мүмкіндіктерін қысқа әрі нақты жеткізуі керек.

Питчинг барысында жобалардың әлеуеті бағаланып, оларды жүзеге асыру, дамыту және бірлескен жұмыс мүмкіндіктері талқыланады. Бұл – креативті кәсіпкерлер үшін өз жобасына жаңа көзқараспен қарап, оны кеңейтуге қажетті серіктестер табудың бір жолы.

The Pitch сессиялары 22–27 қараша аралығында Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub-та (Жошы хан көшесі, 16/2) офлайн форматта өтеді.

Креативті индустрияларды дамыту қорының мақсаты – отандық креативті жобалардың өсуіне жағдай жасап, олардың нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту.

The Pitch осы бағыттағы қолдау шараларының бірі ретінде кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар, демеушілер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

182
16.11.2026