Астанада өткен шара мәдениеттер синтезінің, түрлі стильдер мен трендтердің өзара әрекеттесуінің жарқын көрінісі болды. Шеберлер өз шығармашылығымен сән – жай ғана белгілі бір түс немесе киім үлгісі емес, әр адам өзінің ішкі әлемін көрсететін бейнесін таба алатын нағыз өнер екенін көрсетті.
«Қазақстандық дизайнерлер этникалық стиль мен қол еңбегін өте жақсы көреді – хэндмейд, қазіргі заманғы киімге дәстүрлі мотивтерді енгізгенді ұнатады, өйткені мұның артында тарих тұр. Ал Түркияда этникалық киім өте аз қалды. Бізде модернге бағдар бар, еуропалық трендтердің әсері зор. Мен этникалық стильде жұмыс істейтін көптеген қазақстандық дизайнерлерді білемін. Дәл ұлттық киім түріндегі тапсырыс бойынша той көйлектерін тігеді. Бұл маған өте ұнайды және мен қазақстандық әріптестерімнің шығармашылығын мұқият қадағалап отырамын», - деді шараны ұйымдастырушы, AFWEU Fashion Week Astana авторы Айдын Ачык.
Оралдық дизайнер Жәмиля Өтепқалиева түрлі-түсті ұлттық киімдер әкелді. Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын этникалық стильдегі киімге сұраныс артып келеді. Brand by Zhamilya негізін қалаушының топтамаларын Стамбулда, Дубайда, Каппадокияда және Бакуде көрген.
«Біздің топтамадағы барлық бұйымдар қолдан жасалған. Бір шапанды жасауға шамамен 10 күн кетеді. Біз тек табиғи маталарды қолданамыз, оларды Атырау мен Алматыдан таңдаймыз. Тапсырыстар барлық жерден келеді: қазақстандық жұлдыздардан, музыканттардан және тіпті шетелдік көрсетілімдер кезінде», - деп атап өтті Жәмиля Өтепқалиева.
«Guni Nomad - Көшпенді қыз» атты топтамасын Астанадағы көрсетілімде Guni Brand негізін қалаушы және дизайнері Гүлнұр Тәжегенова ұсынды.
«Біз әйелдер өз жайлылығына нұқсан келтірмей, сонымен бірге бай тарихы бар халыққа жататынын атап көрсете алуы үшін қазіргі заманды ұлттық колоритімізбен біріктіргіміз келді. Материалдарды шетелден сатып аламыз. Топтаманы жасауға батыл қазақ қыздары – көшпенділердің қыздары шабыт берді», - деп атап өтті Гүлнұр Тәжегенова.
Шараға Азамат Саин, Айкерім Шахман, Siluet Fashion өкілдері және басқа да дизайнерлер қатысты. Каппадокиядан Гезде Эсбилир де өз топтамасын әкелді.
«Менің Астанада болғаныма өте қуаныштымын. Өз шығармашылығыммен бөлісу, мәдениеттеріміздің қалай жақындасып жатқанын көру үлкен қуаныш. Шақырғаны үшін Айдын Ачыкқа және барлық қазақстандық көрермендерге алғыс айтамын», - деп бөлісті Гезде Эсбилир.
AFWEU Fashion Week Astana-дағы ең жас дизайнер 8 жасар Інжу Мұратбекова болды. Inju Fashion брендінің негізін қалаушы топтама дайындап қана қоймай, өзі де модель ретінде подиумға шықты.
«Мен өз брендімді бес жасымнан бастап дамыта бастадым. Біз әдемі және сонымен бірге ыңғайлы киімдер жасаймыз. Мен Қазақстанда да, шетелде де көрсетілімдерге қатыстым. Мені әдемі заттар шабыттандырады», - деді Інжу Мұратбекова.
AFWEU Fashion Week Astana көрсетілімі сән әлемінің шекарасы жоқ екенін көрсетті: кеңістіктік те, жастық та. Үлкендер де, балалар да сәнді көрініп, өз идеяларын білдіре алады. Сән халықтарды жақындастырады және бір-біріне деген мәдени қызығушылықты арттырады.