Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бүгінде елімізде 60 жастан асқан шамамен 2,6–2,7 миллион адам тұрады – бұл халықтың 13–14 пайызы және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Егде жастағы азаматтардың көбеюі қоғамның әлеуметтік бейнесін өзгертуде: аға буын енді көзге көрінбейтін топ емес, керісінше мәдени өмірдің белсенді бөлігіне айналып, соның ішінде сән әлемінде де өз орнын таба бастады.
Сонымен қатар, қазақстандық сән индустриясы да дамып келеді: елімізде 300-ден астам кәсіби дизайнер жұмыс істейді, олардың кемінде 40–50-і этностиль бағытын мақсатты түрде дамытып, дәстүрлі ою-өрнектерді, қолөнер тәсілдерін заманауи пішінмен ұштастырады. Бұл ұлттық кодымызды әлемдік бәсекелестік сахнасында артықшылыққа айналдыратын ерекше бағыт қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оның жарқын мысалы – «Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» жобасы. Бұл жоба аясында 60 пен 74 жас аралығындағы әйелдер Париж бен Миланның сән сахналарында қазақ дәстүрлерінен шабыт алған топтамалармен көрермен алдына шығады. Мұндай бастамалар жас шектеулеріне қатысты стереотиптерді бұзып қана қоймай, «жұмсақ күш» рөлін атқарады: Қазақстан сән арқылы өз діліне деген құрметін және мәдени диалогқа ашық екенін әлемге көрсетеді.
Осылайша, егде жастағы азаматтардың көбеюі, этнодизайнның белсенді дамуы және Қазақстандық жарасымды жастағы сәнгерлердің халықаралық сахналарға шығуы еліміздің жаңа бейнесін қалыптастырады – рухы жас, бірақ мәдениеті кемел ел бейнесін. Мұнда өткен мен болашақ біртұтас көркем тіл арқылы үндеседі.
Осы тұста, «Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» жобасының авторы әрі дизайнері Раушан Ануарбекованың оқиғасы ерекше мәнге ие. 60 жастан асқан екі жарым миллионнан астам азамат өмір сүріп жатқан елде ол алғаш болып егде жастағы әйелдерді әлемдік сән сахнасына шығарып, оларды қазақ мәдениетінің елшілеріне айналдырды. Дәстүр мен заманауи үрдістердің тоғысындағы еңбегі арқылы Раушан Ануарбекова тек киім топтамаларын ғана жасамайды – ол жаңа мәдени нарратив қалыптастырады: Қазақстан әлемді тек жас дарындарымен ғана емес, сондай-ақ шексіз даналық пен сұлулығы арқылы да тамсандыра алатынын көрсетеді.
Биыл бұл жоба Еуропаның сән сахналарында төртінші рет ұсынылмақ, әрі ол Қазақстандағы Қарттар күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл шараларға айрықша символикалық мән береді – қоғамның аға буынға деген құрметін және елдің мәдени бірегейлігін қалыптастырудағы олардың рөлін айшықтай түседі.
Qazaq Culture редакциясы жоба авторы әрі дизайнері Раушан Ануарбековамен мәдениет пен ұлттық сән туралы және жобаның миссиясы жайында сұхбаттасты.
– Раушан ханым, «Әлемді таңқалдырған қазақ әжелері» жобасы биыл төртінші рет Еуропа сахнасына шығады. Сіздің ойыңызша, бұл жобаның Қазақстан мен әлем үшін негізгі мәдени миссиясы неде?
– Біздің жобамыздың өзегі – түп тамырымызға деген құрмет, сонымен қатар Қазақстанның әлемге және мәдени диалогқа ашық екенін көрсету. Біз үшін маңыздысы – сән сахнасы арқылы Еуропа мен өзге елдердегі адамдар киіммен бірге философияны да көрсе: жастың сұлулығын, дәстүрдің тереңдігін және әйел қуатының күшін сезінсе дейміз.
Жаһандану дәуірінде сән көбіне біртектілікке ұмтылған кезде, біз керісінше ұлттық кодтың шектеу емес, әлемдік сәнге шабыт көзі бола алатынын дәлелдеп отырмыз.
Бүгінгі Қазақстан – Шығыс пен Батыстың қиылысқан жерінде орналасқан ел, ал біздің жобамыз осы мәдени көпір рөлін айқын көрсетеді. Өз тамырыңа деген құрмет қазіргі заманға ілесуге кедергі емес, керісінше елді әлем үшін қызықты ете түсетінін дәлелдейді. Сахнаға шығатын нәзік жастағы әйелдер ұрпақтар сабақтастығының тірі символына айналады: олар өткеннің жадысын алып жүріп, өздері алға ұмтылады, жаңа кеңістіктерді бағындырып, жастарға шабыт береді.
Сән арқылы біз жай ғана киім топтамасын емес, маңызды әлеуметтік хабарды жеткіземіз: кемел жас – бұл құндылық, ал дәстүр – бұл даму әлеуеті, музейлік жәдігер ғана емес. Осындай тереңдік пен өзектіліктің үйлесімі бүгінде еуропалық көрерменге қызықты: олар сәннен эстетикалық ләззат қана емес, мәдени мағына да іздейді.
– Сіз өз жобаңызда егде жастағы әйелдерге басымдық бердіңіз. Неліктен дәл осы буын топтаманың келбеті болды? Бұл қазақстандық қоғам мен оның құндылықтары туралы не айтады?
– Біз сұлулық пен қадір-қасиеттің жасқа бағынбайтынын көрсеткіміз келеді. Бұл әйелдер – дәстүрдің, отбасы құндылықтарының және мәдени жадтың сақтаушылары. Олардың қатысуы қазақстандық қоғамда даналыққа, тәжірибеге және рухани байлыққа жоғары баға берілетінін көрсетеді, ал сән – осының барлығын әлемге паш етудің жолына айналады.
Естеріңізде болса, ежелден қазақ қоғамында осындай аналарға жүгінетін, олардың сөзі отбасы мен тіпті қоғамдық маңызды шешімдер қабылдауда үлкен рөл атқаратын. Олар тек өмірлік тәжірибенің ғана емес, сонымен бірге жас буынды бағыттап, елдің бірлігін күшейтетін ерекше рухани күштің иелері саналған.
Бүгін олардың сән сахнасына шығуы сол ежелгі рөлдің заңды жалғасы іспетті: олар тек киімді көрсетіп қана қоймай, өткен мен болашақты байланыстыратын көзге көрінбес жіпті ұстап тұр. Бұл қадам қазақстандық қоғамда даналық пен тәжірибеге деген құрметтің жоғары екенін айғақтайды, ал сән бұл жағдайда сұлулық индустриясы ғана емес, мәдени диалог құралына айналады.
– «Ақ маржан» топтамасы ұлттық стильге сүйенеді. Сіз қазақ дәстүрлерін қазіргі сән трендтерімен қалай үйлестіресіз, әлемдік сахнаға түсінікті болу үшін қандай тәсіл қолданасыз?
– Біз дәстүрлі ою-өрнектерді, табиғи маталарды, қазақ тұрмысындағы бейнелерді қолданамыз, бірақ оларды заманауи пішінмен, трендтегі түстермен және силуэттермен үйлестіреміз. Осылайша, біздің топтамаларымыз сәннің тілімен сөйлеп, сонымен бірге тереңінен қазақи болмысын сақтап қалады.
– Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде Қазақстан халқының 11 пайыздан астамын егде жастағы азаматтар құрайды. Олардың мәдени жобаларға белсенді қатысуы ұлттық бірегейлікті нығайтып қана қоймай, жас туралы түсінікті де өзгертуде. Сіздің жобаңызды Қазақстанның мәдени бренді деуге болады. Осындай бастамалар елдің халықаралық беделіне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Мұны есту – қуаныш. Меніңше, біздің жетістігіміз жобаның қазіргі Қазақстанның бейнесін көрсетуінде: бай мұрасы бар ел оны жаңа қырынан көрсете алады. Мұндай бастамалар елдің оң имиджін қалыптастырады, халықаралық аренада қызығушылық пен құрмет тудырады. Сонымен қатар, мемлекет те маңызды рөл атқарады – ұйымдастырушылық қолдаудан бастап халықаралық мәдени алаңдар құруға дейін. Сән – тек индустрия ғана емес, ұлттық кодтың маңызды бөлігі, сондықтан оған назар аудару қажет.
– Сіздің тәжірибеңіз Қазақстанның басқа өңірлері үшін де үлгі бола ала ма? Яғни, олар өздерінің бірегей мәдени кодтарын сән арқылы аша ала ма?
– Әрине. Қазақстан – бай дәстүрлері мен қолөнер түрлері бар кең-байтақ ел. Осы әлеуетті біріктіре алсақ, мәдениетімізді әлемге одан да жарқын етіп таныстыратын жобалар жасай аламыз.
Қазақстан сән индустриясы қауымдастығының мәліметінше, соңғы бес жылда этностильде жұмыс істейтін дизайнерлердің саны үштен бірге артқан, ал еуропалық алаңдардың қазақстандық топтамаларға деген қызығушылығы тұрақты өсіп келеді.
– Сіз бірнеше жыл бойы Қазақстанды әлемдік сән сахнасында танытып жүрсіз. Осы уақыт ішінде еуропалықтардың қазақ сәніне деген көзқарасы қалай өзгерді?
– Алғаш рет еуропалық сахнаға шыққанымызда қазақ сәні көптеген адамдар үшін беймәлім еді. Бүгінде оны қызығушылықпен әрі құрметпен қабылдайды, онда өзгеше эстетика мен жаңашылдық көреді. Инфрақұрылымды дамыту қажет екенін түсіну маңызды: толыққанды сән апталарын өткізу, дизайнерлерге арналған білім беру бағдарламаларын іске қосу, халықаралық брендтермен бірлескен жобалар жасау. Менің ойымша, Қазақстан сән арқылы мәдениеттер диалогының алаңына айнала алады.
– Мұндай жобаларға өңірлік дизайнерлер мен қолөнершілерді тарту қаншалықты маңызды?
– Бұл – аса маңызды. Өңірлердегі шеберлер қолмен жасалатын бірегей бұйымдар шығарады, олар – тірі мұра. Олардың қатысуы жобаларды терең әрі шынайы етеді.
– Ал жеке өзіңіз үшін осындай ерекше құрамдағы жоба жасауға шабыт көзі не болды?
– Мені осы әйелдердің өздері шабыттандырды – олардың энергиясы, сұлу әрі қоғамға пайдалы болуға деген құлшынысы, жаңа идеяларға ашықтығы. Мен сән оларға әлемдік сахнада өз дауыстарын табуға көмектесе алатынын түсіндім. Әрине, мені анам да шабыттандырды: ол жобаның басталғанын көріп үлгергеніне қуаныштымын.
– Сіздің шығармашылық жолыңызға қарап, Сізді елдің мәдени елшісі деуге болады. Бұл жеке жауапкершілікті қалай сезінесіз?
– Мен әрдайым үлкен жауапкершілікті сезінемін, себебі біздің топтамаларымыз арқылы адамдар Қазақстан туралы біледі. Бұл мен үшін әрі құрмет, әрі елді лайықты таныту үшін одан әрі жақсырақ жұмыс істеуге ынталандыратын күш.
– Соңғы сұрақ: Қазақстан сәнімен әлемді таңғалдыруды жалғастыру үшін қандай жаңа идеяларды жүзеге асырғыңыз келеді?
– Жобаның әрі қарай да ұрпақтарды, өңірлерді және мәдениеттерді біріктіре беруін қалаймын. Алдағы уақытта дәстүр мен заманауилық арасындағы диалогты одан да айқын көрсететін топтамалар жасауды жоспарлап отырмыз. Әлемнің қазақ сәніне таңданысы тоқтамағанын қалаймын.