Бекежанның қылышы, Роза Рымбаеваның сахналық киімдері мен ғалымдар мұрасы: Астанадағы ерекше көрме

Бекежанның қылышы, Роза Рымбаеваның сахналық киімдері мен ғалымдар мұрасы: Астанадағы ерекше көрме

Асанәлі Әшімовтің аты аңызға айналған «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімінде ұстаған қылышы, Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының сахналық киімдері, ғалымдардың сирек кездесетін архив құжаттары... Қазақстанның Ұлттық музейінде әрқайсысы тұтас бір тарихтан сыр шертетін осындай жәдігерлер жиналған.

«Тәуелсіздік тұғырындағы тұлғалар: ғылым мен мәдениет қайраткерлері» көрмесі келушілерді ғылыми жаңалықтарымен, шығармашылығымен және жетістіктерімен ел тарихында із қалдырған көрнекті қазақстандықтардың мұрасымен таныстырады.

Көрмеде өнер саласына ерекше орын берілген. Мұнда Роза Рымбаеваның, Болат Аюхановтың, Айман Мұсақожаеваның және Нұржамал Үсенбаеваның сахналық киімдерін көруге болады. Ең қызықты жәдігерлердің қатарында Асанәлі Әшімов «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімінде қолданған Бекежанның қылышы мен «Атаманның ақыры» фильмін түсіруге пайдаланылған кинокамера бар.

Ғылымға арналған бөлім де назар аудартады. Мұнда археолог Кемел Ақышевтің, этнограф Ақселеу Сейдімбектің, ғалым Кенжеғали Сағадиевтің және өзге де белгілі зерттеушілердің жеке заттары, құжаттары мен марапаттары қойылған. Сирек материалдардың қатарында 1955 жылғы археологиялық экспедицияның жүру бағыты көрсетілген сызба да бар.

Музей мәдениет пен ғылым қайраткерлерінің өздерінен, сондай-ақ олардың туыстары мен ұрпақтарынан жәдігерлер жинап, қорын толықтырып келеді.

Көрме танымал тұлғаларды шығармашылықта, ғылыми ізденістерінде және күнделікті өмірде пайдаланған заттары арқылы жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Ел тарихын жақынырақ танып, жақсырақ түсінуге жол ашатын да – осындай дүниелер.

Көрмені 2026 жылғы 15 қарашаға дейін тамашалауға болады.

14
22.10.2026