Алғашқы нотадан кейін

Алғашқы нотадан кейін

Жаңа сахнадағы алғашқы жеке концерт музыканттың пернеге қолы тиген сәттен әлдеқайда ерте басталады. Ол сахнаға шығар алдындағы тыныштықтан, залға тасталған қысқа көзқарастан, әлі бейтаныс кеңістіктің тынысын сезінуге деген талпыныстан бастау алады. Қазақстандық жас пианист Тимофей Өтегенов үшін осындай алғашқы жүздесу «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында өткен «Пернелер қуаты» концерті болды.

Бұл кеш ол үшін еліміздің басты сахналарының біріндегі дебют ретінде ғана маңызды болған жоқ. Залда ұстаздары, туған-туыстары, достары мен тыңдармандары отырды. Мінсіз техникаңның тасасына жасырына алмайтын ең талапшыл көрермен де – осылар. Өйткені туған елдің жұртшылығы бүгінгі орындаушыны ғана көрмейді. Оның артында қалған бүкіл жолды – алғашқы сабақтарын, білім алған жылдарын, байқауларын, күмәні мен толғанысын, біртіндеп есейіп, өнерпаз ретінде қалыптасуын да сезеді.

«Зал мені әлі танымайды, ал мен оның мінезін білмедім», – деген еді Тимофей концерт алдында.

Бұл кеш пианист пен залдың алғашқы диалогына айналды. Жас музыкант өзін алған марапаттары немесе білім алған оқу орындары арқылы емес, Моцарт, Бах, Бузони мен Шопеннің музыкасы арқылы таныстырды. Бұл композиторлардың әрқайсысы орындаушыдан ерекше ішкі дайындық пен өзгеше көркемдік қалыпты талап етеді.

Бағдарламаны Моцарттың до мажордағы №10 сонатасы айқын әрі салмақсыздай естілетін әуезімен ашты. Алайда бұл музыканың мөлдірлігі алдамшы. Мұнда болмашы дәлсіздікті рояльдің қуатты үнімен немесе сыртқы эмоциямен бүркемелеу мүмкін емес. Әрбір фраза пианист техникалық қиындықтарды еңсеріп жатқандай емес, тыңдарманмен еркін әңгімелесіп отырғандай табиғи туындауы керек.

Моцарт орындаушыдан ұстамдылықты талап етсе, Иоганн Себастьян Бахтың Ферруччо Бузони өңдеген Чаконасы мүлде басқа ауқымда ойлауды қажет етті.

Бастапқыда скрипкаға арнап жазылған бұл туынды фортепианолық нұсқада монументалды дыбыстық кеңістікке айналады. Бір аспап бірнеше дербес дауысты қатар қамтып, олардың қозғалысын сақтап, алып сәулет ғимаратындай тұтас құрылым түзуге тиіс. Мұнда пианистен дыбыстың күшін ғана емес, шығарманы толық күйінде көре білуді, әрбір интонацияның қай нүктеге бастайтынын сезінуді талап етеді.

Бах музыкасының қатаңдығынан кейін Шопен туындылары Тимофей Өтегеновтің орындаушылық болмысының өзге бір қырын ашты.

Төрт мазурка шағын ішкі монологтар секілді естілді. Олардың би ырғағының астарында өткен күннің елесі, алаң көңіл, мұңға толы жарық сезім мен алыста қалған туған жерге деген сағыныш жатыр. Мұндай миниатюралар сыртқы жарқылымен әсер қалдыруға ұмтылмайды. Олар орындаушыдан өлшемді дәл сезінуді, шынайы толғаныстың артық әсірешілдікке айналар тұсынан бір сәт бұрын тоқтай білуді қажет етеді.

Кештің ең үлкен сынағы Шопеннің си минордағы Үшінші сонатасы болды. Пианистің өзі оны бағдарламадағы ең күрделі шығарма деп атады. Оның себебі виртуоздық пассаждарда ғана емес. Сонатаның төрт бөлімі басынан аяғына дейін ішкі ширығуы мен нәзік лирикалық иірімдерін жоғалтпай жеткізуді қажет ететін ауқымды драмалық хикаяны құрайды.

Бұл шығарма жаспен немесе байқаулардағы жеңіс санымен өлшенбейтін кемелдікті талап етеді. Пианист бір мезетте туындының құрылымын бақылауда ұстап, оның еркін тыныстауына мүмкіндік беруі, техникалық дәлдікті сақтай отырып, орындауды өз мүмкіндігін көрсетуге айналдырып жібермеуі керек.

Сондықтан бұл жеке концерт Тимофей Өтегенов үшін қол жеткізген жетістіктері туралы есеп емес, шеберлігінің дербес көркем ойға қаншалықты айнала алғанын айқындайтын сын болды.

Оның музыкадағы жолы Анна Васильеваның жетекшілігімен басталды. Кейін Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта профессор Алтай Құсайыновтың сыныбында білім алды. Бүгінде Тимофей Алексей Холодовтың жетекшілігімен Фредерик Шопен атындағы Мәскеу мемлекеттік музыкалық орындаушылық колледжінде оқуын жалғастырып, Владимир Спиваков халықаралық қорының стипендиаты атанып отыр.

Ол халықаралық байқауларға қатысып, академиялық симфониялық оркестрлермен бірге өнер көрсетті. Алайда туған қаладағы кәсіби тәжірибенің салмағы мүлде басқаша сезіледі. Мұнда оған лауреат немесе болашағынан үміт күттіретін орындаушы ретінде ғана қарамайды. Біреулер үшін ол әлі де шәкірт, енді біреулер үшін дос немесе өнердегі алғашқы қадамын көз алдында бастаған перзент болып қала береді.

«Туған жерде, өз үйіңде өнер көрсетудің жауапкершілігі бәрінен жоғары. Мен осында өстім, өнердегі алғашқы қадамымды осы қалада бастадым. Бұл сахнаға лайық болып, тыңдарманның сенімін ақтағым келді», – деді пианист.

Оның концерті қазақстандық жас орындаушыларға елге оралып, білім алған жылдар ішінде өнерінің қалай өзгергенін отандық тыңдарманға таныстыруға мүмкіндік беретін «Музыкалық демалыс» жобасының кезекті маусымын ашты.

Жобаның атауы жеңіл әрі алаңсыз естілгенімен, кәсіби музыканттың демалысы тынығумен өте сирек байланысты. Оның күнделікті тіршілігі үздіксіз жаттығудан, репертуармен жұмыстан және келесі сахналық шығуға дайындықтан тұрады. Тыңдарман үшін бірнеше минутқа ғана созылатын шығармамен орындаушы айлар бойы бірге өмір сүруі мүмкін. Бір ғана фразаға қайта-қайта оралып, қажетті реңкті іздейді, саусақ басу тәсілін өзгертеді және бәрін қайтадан басынан бастайды.

Тимофей Өтегенов үшін бұл концерт алғыс білдірудің де бір үлгісі болды.

«Біздің қалыптасуымызға ұстаздарымыз, мектебіміз бен ата-анамыз көп күш жұмсады. Сондықтан бұл концерт – не үшін оқып, не үшін еңбек етіп жүргенімізді көрсетудің мүмкіндігі», – деді музыкант.

Сол кеште рояль алдында өнердегі алғашқы қадамын енді бастаған бала отырған жоқ. Бірақ үлкен сахнаны үйреншікті кеңістікке айналдырып үлгерген әбден қалыптасқан әртіс те емес еді. Бәлкім, концертке айрықша мән берген де дәл осы өтпелі кезең болар.

Көрермен дайын әрі толық қалыптасқан бейнені емес, өнерпаздың толысу сәтін көрді. Бұл – техникалық шеберлік біртіндеп өзіндік үнге айналып, жас орындаушы көпшілікке таныс музыка арқылы не айтқысы келетінін ұғына бастайтын сирек кезең.

Алғашқы нота естілді. Енді одан кейінгі тарих басталады.

201
19.07.2026