Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл

Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл

Бүгін қазақ сазының падишасына айналған көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың дүниеге келгеніне 95 жыл толды. Ғұмырын ән әлеміне арнаған сазгердің өміршең әндері әлі де қазақ аспанында қалықтап жүр. Қазақстанның кең байтақ даласын жырға қосатын «Теріскей», «Отырардағы той», «Көгілдір Көкше», «Мойынқұмда» және тағы басқа әндерін халық ерекше ықыласпен қабылдаған. Оның жазған әрбір әнінің шығу тарихы ел аузында аңызға айналып, жиі айтылады.

Осы орайда сазгердің ел жадында мәңгі сақталған туындыларының шығу тарихы туралы топтаманы назарларыңызға ұсынамыз.

«Ана туралы жыр»

Баланың анаға деген шынайы құрметі, шексіз ризашылық сезімі, сағынышы музыка тілінде өрнектеліп жеткен. Шәмші есімі танымал болып, әндері ел аузында жиі айтыла бастаған кезде, анасы ауыр дертке ұшырайды. Мұны білген Шәмші ана алдындағы өтелмес парыздың сәл де болса қайтарымы ретінде, мәңгілік ән жазуды армандайды. Сөйтіп жүргенде аяулы анасы өмірден өтеді. 1961 жылы күзде, қазақтың лирик ақыны Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған «Ана туралы жыр» әні дүниеге келеді.

«Ақ бантик»

Бұл туынды қазақ саз өнерінде ерекше орны бар, нәзік сезім мен жастық шақтың символы ретінде танымал. Сырлы лирикаға толы бұл әннің тарихы, ондағы әрбір сөзбен тікелей байланысты. Сазгер мен ақынның ортақ шешімімен туындаған дүние десек те болады. Бірде Шәмші мен Мұхтар Шахановты өнердегі ортақ достары Қаражан Әбіләзимов өз үйлену тойына шақырады. «Тойға әннен артық сый бола ма?! – деп қос автор «Ақ бантик» әнін жазып, тарту етеді. Әнді «Ақ бантик» деп атағандары, достарының жары мектепті енді бітірген, балауса қыз екен.

«Дүнген қызы»

Бұл әнді Шәмші белгілі ақын Сабырхан Асановпен бірлесе отырып шығарған екен. Бірде Шәмші өзімен бірге Сабырхан Асановты ертіп Жамбыл өңірін аралауға кетеді. Бірге жүрген сапарда екеуі «Отырардағы той», «Теріскей», «Сағынышым менің» сияқты бірқатар әндерді жазады. Бірі сазын, бірі мәтінін шығарып жүрген күндердің бірінде «Дүнген қызы» әні дүниеге келеді. Жамбыл өңірінде Дүнген ауылы бар. Кезінде Шәмші сол ауылда тұрып, дүнген қызын әніне қосқан деседі. Ақпейіл сазгердің жүрегін сезімге бөлеген дүнген аруының құрметіне шығарылған ән қазақтың сүйіп айтар әніне айналған.

«Сыған серенадасы»

Исраил Сапарбайдың сөзінше, бұл ән 1963 жылы шыққан. Ол Шәмші Қалдаяқов консерваториядан шығып қалған сәті екен. Оқудан шығып, ұнжырғасы түскен оның алдынан 3-4 сыған қызы шығып, бал ашып берген. Қалтасында бар 5 тиынын берген соң, «Сен өнер адамысың, болашақ ұлы адамсың» депті. «Сенің көңіл күйің жоқ екен. 2-3 күн біздің тобырға барып, демал. Сенен ештеңе сұрамаймыз» депті сығандар. Сөйтіп, сазгер Алматыдағы қазіргі Тастақ ауданы тұрған жердегі тобырға барыпты. Сыған қызы Изольдаға сезімі ашылған Шәмші тобырға еріп, бірнеше ай жүрген деседі. Бір айдан кейін сыған тобыры Алматыдан Тәжікстанға қарай кетпек болады. Сонда Шәмші мен Изольда қоштасып, таңда сыған тобыры шатырын жинап кетіп қалыпты. «Кетіп бара жатқанда қыз қайта-қайта қарайды, көзінен жас ағып барады, мен де қимаймын, жүрегімді жұлып әкеткендей болды. Олар көкжиек асып кетті. Сол кезде ыңылдап, осы ән тұтас келді» дейді Шәмші ағам»,- деп естелігін бөліседі Исраил Сапарбай.

«Тамды аруы»

Бірде Шәмші Қалдаяқов іссапармен Өзбекстан Республикасының қазақтар тығыз орналасқан Тамды ауданына барады. Бұл – ғасырлар бойы тілі мен дінін ұмытпаған, ата-бабадан жеткен салт-дәстүрін берік ұстанып, өнер мен ән-күйді дәріптеп келе жатқан мыңдаған қазақ өсіп-өнген киелі мекен. Сазгерді бұл жаққа белгілі ардагер, ел ішінде сыйлы тұлға Қани Амандықов арнайы шақырған екен. Тамдыға табан тіреген сәттен-ақ Шәмшіні халық үлкен құрметпен қарсы алып, қонақжайлықтың бар дәстүрін орындап, төрге шығарады. Кездесулер, әңгіме-дүкендер, ән мен күйге толы кештер сазгердің жүрегінде ерекше әсер қалдырады. Елден аттанар күннің қарсаңында құрметті қонақтың құрметіне қоштасу кеші ұйымдастырылады. Сол кештің қызған шағында Шәмші сахнаға шығып, жиналған жұртқа жүзі бал-бұл жанып: «Мен сіздерге арнап «Тамды аруы» деген ән шығарамын!», – деп уәде берген екен.

300
19.08.2025