
Астанада қазақтың бұлбұл әншісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурстың екінші кезеңі өтті.
Жас орындаушыларды қолдауға және қазақ вокал өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған байқау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өнер додасы Қазақстанмен қатар, шетелдік жас әншілердің де басын қосып, олардың кәсіби шеберлігі мен сахналық мәдениетін танытуына мүмкіндік берді.
Биыл конкурсқа Қазақстанның өңірлерінен, сондай-ақ Түркия, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен 137 өтінім түсті. Алғашқы онлайн кезеңнің қорытындысы бойынша екінші турға 20 қатысушы іріктеліп алынды.
Екінші кезеңде үміткерлер Роза Бағланованың репертуарындағы шығармаларды орындап, вокалдық дайындығы мен сахнадағы орындаушылық деңгейін көрсетті. Байқаудың басты ерекшелігі – ұлт өнерінің алтын қорына енген әндерді жас буынға таныту, Роза Бағланова мұрасын дәріптеу және ұлттық музыкалық дәстүрдің сабақтастығын жалғау.
Конкурстың қорытындысы бүгін, 14 мамыр күні өтетін Гала-концерт аясында жарияланады. Салтанатты кеште жеңімпаздар анықталып, оларға сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталады.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Лаки Кесоглу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болатбек Бөкенов, Жеңіс Ысқақова, Сембек Жұмағалиев, сондай-ақ Қырғыз Республикасының халық әртісі Рыскелді Осмонқұлов бар.
Сонымен қатар іс-шараға Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов пен келіні Марал Бағланова қатысты. Байқау аясында Роза Бағланованың отбасы конкурсқа арнайы сыйлық ұсынбақ.

