ӨНЕР ПЕДАГОГТАРЫ

ӨНЕР ПЕДАГОГТАРЫ

Көрменің ашылу салтанаты

Бұл көрменің ерекшелігі – «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының құрамында шығармашылықпен айналысатын оқытушылар мен олардың шәкірттерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында әр кезеңдегі сән үлгілері көрсетілді.

Көрмеде ұсынылған ағаш, былғары мүсіндері мен ұлттық киімдерге, сондай-ақ керемет суреттерге таңдануға болады. Барлық жұмыстар кәсіби суретшілер мен шеберлерден еш кем емес. Педагогикалық шеберлігін өнермен ұштастырған жандардың қазақ мәдениетіне зор үлес қосып жатқаны айдан анық.

Қазақстандық «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, педагогикалық шеберлікке қолдау көрсету, сондай-ақ ғылыми конференциялар ұйымдастыру және этнографиялық зерттеулер жүргізу.

Ұйымның құрамына кірген республикалық деңгейдегі үздік және еңбек сіңірген педагогтар «шығармашылық еңбегі үшін» марапатталды.

Талантты педагогтарды марапаттау сәті

Қазіргі уақытта «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының құрамына балшықтан бұйымдар жасайтын Дариға Ерланқызы, кескіндеме саласында бірқатар жұмыстарымен көзге түскен Абылай Ерғалиұлы, ұлттық аспап домбыра жасайтын шебер Жандос Ескермесулы және зергер Серікхан Мәдіғалиев кіреді. Заманауи мүсінші Қалдыбек Балабекұлы мен ұлттық жүннен бұйымдар жасайтын Гауһар шеберінің жұмыстары елімізде ғана емес, халықаралық көрмелерде де көрсетілуде.

Одақ президенті Қанағат Көдеков және дизайнер Раушан Оразалиева

«Одақ қысқа мерзім ішінде бірқатар көрмелер өткізуге үлгерді. Қазір Одаққа қосылып жатқан мұғалімдер көп. Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды, өнерді насихаттау, халық шығармашылығымен айналысатын мұғалімдерге қолдау көрсету», - деп атап өтті «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының президенті Қанағат Көдеков.

«Адырна» көрмесінде Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әртістері және «Достық» ұйғыр халық аспаптары ансамблі өнер көрсетті.

Авторы: Серікгүл Сұлтанқажы

432
31.05.2024