Уитни Хьюстоннан Вивальдиге дейін: «Астана кештері» фестивалінің мерейтойлық үш кеші

Уитни Хьюстоннан Вивальдиге дейін: «Астана кештері» фестивалінің мерейтойлық үш кеші

Әлем музыкасының бірнеше ғасырлық тарихын үш кеште шолып шығуға бола ма?

Алдымен Уитни Хьюстонның әндерін тыңдайсыз. Келесі күні Россини, Верди мен Оффенбахтың кейіпкерлерімен қауышасыз. Ал сапар соңында Бах, Гендель мен Вивальдидің әлеміне еніп, күтпеген жерден Beatles әндерін барокко мәнерінде естисіз.

9-11 қазан аралығында елордада Қазақстан мен шетел өнерпаздарының басын қосқан «Астана кештері» XV халықаралық өнер фестивалі дәл осындай әсер сыйлады.

Ұйымдастырушылар мерейтойлық бағдарламаны бір дәуірмен немесе бір музыкалық бағытпен шектемеуді ұйғарған. Үш кештің әрқайсысы өзінше ерекшеленді. Поп-музыка симфониялық оркестрмен үндесті, опера дербес сахналық шоуға айналды, ал барокко әуендері XX ғасыр музыкасымен тілдесті.

Он бес жыл ішінде түрлі жанрды осылай ұштастыру фестивальдің өзіндік ерекшелігіне айналды. Ұйымдастырушылардың дерегінше, осы уақыт аралығында оның бағдарламаларына ондаған елден мыңнан астам өнерпаз бен шығармашылық ұжым қатысты. Концерттерді тамашалаған көрермендердің жалпы саны 100 мыңнан асты.

9 қазан. Дауыс

Алғашқы кеш академиялық музыка мен танымал әндердің еркін тоғысынан басталды.

Уитни Хьюстонның әндерін орындауымен танылған Оңтүстік Африка әншісі Белинда Дэвидс «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасына шықты. Әншіні «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеді.

Көпшілікке таныс «I Will Always Love You» мен «I Wanna Dance with Somebody» әндері оркестрдің сүйемелдеуімен өзгеше естілді. Оркестрлік өңдеу әндерге концерттік туындыға тән кең тыныс берді. Дегенмен бәрінің өзегінде дауыс қалды – кезінде Уитни Хьюстон музыкасына негіз болған басты «аспап».

Оркестрге әр жылдары Хосе Каррерас пен Андреа Бочеллимен бірге жұмыс істеген италиялық дирижер Роберто Молинелли жетекшілік етті. Қазақстан да, «Астана кештері» де оған әлдеқашан етене таныс: музыканттың фестивальмен шығармашылық байланысына он жылға жуықтады.

Молинелли қазақстандық оркестрдің сан алуан музыкалық бағытта еркін өнер көрсете алатынын ерекше атап өтті.

«Қазақстандық орындаушылардың да, „Астана Опера“ оркестрі музыканттарының да кәсіби дайындығы таңғаларлықтай жоғары. Олар түрлі музыкалық мәнерге еркін бейімделіп, классика, поп-музыка мен рокты тоғыстыратын тәжірибелерге дайын. Қазіргі өнер үшін бұл аса маңызды», – дейді дирижер.

Алғашқы кештің бүкіл сипатын осы ой айқындады.

Мұнда симфониялық оркестр поп-музыканы академиялық музыкаға айналдыруға ұмтылған жоқ. Танымал ән де симфониялық концерттің жеңілдетілген нұсқасына айналмады. Екі бағыт та өз болмысын сақтап, қатар өрілді.

Кейін Белинда Дэвидс өзін музыканттардың өнері ғана тәнті етпегенін айтты.

«Мені бәрінен бұрын қазақстандықтардың өз елін мақтан тұтатыны толқытты. Ұшақ қонғаннан кейінгі алғашқы 40 минуттың өзінде елдеріңіз туралы көптеген қызықты дерек естідім. Келесі жылы мұнда қайта келгім келеді», – деді әнші.

Кештің арнайы қонағы италиялық рок әншісі Симоне Романато болды.

10 қазан. Театр

Келесі күні фестиваль мүлде басқа сипат алды.

Алғашқы кеш таныс бір дауыстың төңірегінде өрбісе, екінші кеште «Астана Опера» сахнасында мінезі сан қилы опера кейіпкерлері тоғысты.

«Non-Stop Opera» атты жаңа бағдарламаның тұсауы кесілді.

Бағдарламаның құрылымы да өзгеше болды: бір операны тұтас қоюдың орнына көрерменге он екі шығармадан алынған он жеті музыкалық көрініс ұсынылды. Оның он бірі – жеке орындалатын ариялар, алтауы – дуэттер.

Россини шығармаларынан кейін Верди әуендері естілді. «Реймске саяхат» операсынан соң «Фальстаф», одан кейін Оффенбахтың қиял-ғажайыпқа толы «Гофман ертегілері» операсынан үзінділер көрсетілді. Операмен қатар Иоганн Штраустың «Жарқанат» опереттасынан үзінділер орындалып, Еуропа классикасын Леонард Бернстайнның «Кандид» музыкалық комедиясы толықтырды.

Бұл ариялар концертінен гөрі жекелеген шығармалардан тұтас сахналық қойылым құрастыруға талпыныс еді.

Бағдарлама идеясын еуропалық вокал педагогі Алла Симони ұсынған. Оған көпшілік талай рет естіген танымал нөмірлермен бірге, Қазақстан сахнасында сирек орындалатын шығармалар да арнайы таңдалған.

Мұндай жоба үшін орындаушылар құрамының да өзгеше болуы қажет еді.

Бір сахнаға Астана, Алматы және Ташкент опера театрларының солистері – Бибігүл Жанұзақ, Лейла Аламанова, Феруза Юсупова, Медет Чотабаев, Расул Жармағамбетов, Шыңғыс Расылхан, Азат Мәлік, Дамир Сәдуақасов және Жандарбек Еркінбаев жиналды.

Оркестрге Қазақстанға алғаш келген италиялық дирижер Этторе Пападиа жетекшілік етті.

Фестивальде тұсауы кесілген бағдарламаның сахналық ғұмыры бір кештен әлдеқайда ұзақ болуы мүмкін. Қойылымнан кейін ұйымдастырушылар «Non-Stop Opera» бағдарламасын «Астана Опера» театрының тұрақты репертуарына енгізу жоспарын мәлімдеді.

Фестиваль үшін бұл – маңызды нәтиже: белгілі бір шараға арнап жасалған жоба сол оқиғамен шектелмей, дербес туынды ретінде сахналық ғұмырын жалғастыра алады.

11 қазан. Уақыт

Үшінші кеш фестивальдің екпінін әдейі бәсеңдеткендей болды.

Бірінші кештегі қуатты дауыс пен екінші күнгі операның қызу көріністерінен кейін бірнеше ғасыр бұрын жазылған музыкаға кезек келді.

Вивальди, Бах, Гендель, Марчелло.

Енді кештің басты кейіпкері жеке әнші не сахналық қойылым емес, ансамбль болды.

«Астана Опера» оркестріне дирижер Евгений Бушков жетекшілік етті. Онымен бірге сахнаға Қазақстанда алғаш өнер көрсеткен француз гобойшысы, Париж консерваториясының профессоры Жером Гишар, флейташы Ержан Құшанов және Қазақстан Республикасының «Forte Trio» мемлекеттік триосы шықты.

Трио құрамында скрипкашы Мақсат Жүсіпов, виолончельші Мұрат Нарбеков және пианист Тимур Урманчеев өнер көрсетті.

Бағдарламаның қорытынды бөлігі, сірә, үш күндік фестивальдің ең тосын музыкалық сәті болды.

Вивальди, Бах, Гендель мен Марчелло шығармаларынан кейін Beatles әндерінің әуендеріне негізделіп, Вивальди мәнерінде жазылған Питер Брейнер концертінің екі бөлімі орындалды.

Музыкалық сапар өз бастауына қайта оралғандай болды.

Фестиваль симфониялық оркестрдің сүйемелдеуіндегі поп-музыкамен ашылды. Соңғы кеште XX ғасырдың танымал әуендері барокко мәнерінде жаңаша түрленді.

Бұл сапар музыка тарихының үш ғасырын қамтыды.

Сондықтан «Астана кештері» фестивалінің он бес жылдығы өткенге шолу жасаумен шектелмей, оның басты ұстанымын айқын көрсетті: әр дәуірдің музыкасы бір-бірінен бөлек өмір сүруі шарт емес.

«Он бес жылдан бері атқарып келе жатқан жұмысымыз бірнеше жарқын музыкалық кеш өткізумен ғана шектелмейді. Бұл – еліміздің мәдени болмысын дамытуға, өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция», – дейді «Дегдар» гуманитарлық қоры мен «Астана кештері» фестивалінің директоры Лаура Ахметова.

Он бес жыл ішінде фестиваль сахнасындағы өнерпаздар, бағдарламалар мен жанрлар ауысып отырды. Бірақ әртүрлі орындаушылық мектеп пен мәдениеттен шыққан музыканттардың басын қосу идеясы өзгерген жоқ.

Мерейтойлық бағдарламада осы ұстаным ерекше айқын көрініс тапты.

Оңтүстік Африка әншісінің дауысы қазақстандық симфониялық оркестрмен үндесті. Италиялық дирижерлер Астана музыканттарымен жұмыс істеді. Үш қаланың солистері бір опералық қойылымда бас қосты. Француз гобойшысы Қазақстан сахнасында алғаш рет өнер көрсетті.

Ал Beatles әуендері күтпеген жерден Вивальди шығармаларымен қатар орындалды.

Сірә, фестивальдің басты мәні де осындай кездесулерде ашылса керек. Түрлі дәстүр өз алдына оқшауланып қалмай, өзара тілдескенде мәдениет те тартымды бола түседі.



78
09.10.2026