Елордада жастардың әдеби клубы ашылды

Елордада жастардың әдеби клубы ашылды

«Театр, кино сияқты көптеген өнер түрлері әдебиеттің жағдайына байланысты. Жазушылар мен ақындардың шығармаларының негізінде театрландырылған қойылымдар, фильмдер жасалады. Бәрі әдебиеттен басталады, сондықтан біз тақырыптық клуб құруда жас әдебиетшілерді қолдауға ерекше назар аударғымыз келеді. Поэзияда ғана емес, барлық әдеби жанрларда жаңа есімдерді ашу керек. Мысалы, жастар арасында комикстер мен «фэнтези» жанрындағы туындылар өте танымал. Сондай-ақ, отандық авторлардың шығармаларын басып шығаруды, оларды басқа тілдерге аударуды, сондай-ақ шетелдік классиктердің шығармаларын қазақ тіліне аударуды жолға қою қажет», - деп атап өтті Аида Балаева.


Жастар әдеби клубы алғаш рет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылды. Оның мақсаты – жас жазушыларды қолдау, қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін, жаңа тенденциялар мен туындыларды талқылау, отандық авторларды насихаттау, жұртшылықтың кітап оқуды дәріптеуге назарын аудару. Жастар әдеби клубының бірінші отырысына елдің әр аймағынан 18 бен 35 жас аралығындағы үздік жас жазушылар қатысты. Олардың ішінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Бағашар Тұрсынбайұлы, Мерей Карт, Бақытбек Қадыр, Арман Шерізат, Жадыра Байболанова, Батырхан Сәрсенхан және Президенттің арнайы әдеби сыйлығының иегері Олжас Қасым, халықаралық, республикалық поэзия байқауларының жеңімпаздары Саян Есжан, Ерік Нарын, Еламан Қабділәшім, Абай Ораз, Биболат Сатжан және Алия Іңкәрбек бар.


«Бұл клуб жазушы мен баспа арасындағы дәнекер – әдеби агенттің рөлін де атқарса екен деймін. Осылайша біз отандық әдебиетшілерге танымал болуға, халықаралық кітап нарығына шығуға көмектесе аламыз. Біздің классиктерді ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы авторларды да басқа тілдерге, мысалы, түркі халықтарының тілдеріне аудару керек. Біздің әдеби өнімдерімізді экспорттаумен де байыпты түрде айналысуға болады», - деп ұсынды республикалық конкурстардың лауреаты, ақын Әлия Іңкәрбек.

597
10.05.2024