Көрмеге келушілерді австриялық автор Норберт Брюннердің арт-инсталляциялары қарсы алады: «Time Pill» («Уақыт капсуласы») және «Сook Local Act Infinite» («Ұлттық тағам - Мәңгілік дәстүрлер»). Суретші ұлттық дәстүрлер мен дастарқан тақырыбының тұжырымдамалық көрінісін ұсынды, ол берілген уақыт аралығының призмасы арқылы қарастырылады. Автор көрерменмен диалогқа түскісі келіп, өнер, уақыт, кеңістік және дәстүрлер туралы ойлауға философиялық көзқарасты ұсынады. Норберт Брюннер Австрияның Хохенемс қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта ол Венада тұрып, жұмыс істейді. Оның жұмыстары АҚШ, Австрия және Германиядағы жеке коллекцияларда бар. Автордың жеке көрмелері АҚШ, Австрия, Швейцария, Ресей, Қытай және басқа елдерде өтті.
«Мен бұл жобаға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Маған жергілікті суретшілермен жұмыс істеу және олармен бірге мәдениеттер диалогы деп атауға болатын нәрсені жасау бақыты бұйырды. Маған әрқашан жаңа елдерді ашу қызық. Әрине, Қазақстан – көшпелі тарихы бар, көне мәдениеті бай, қиялды таң қалдыратын ел. Мен сіздің далаларыңызды тереңірек зерттеп, осы атмосфераға еніп, оны өнерде көрсеткім келеді», - деп атап өтті Норберт Брюннер.
Көрменің тереңіне келушілерді италиялық фотограф Габриэле Галимбертидің жұмыстары қызықтырады. «Оның ас үйінде» фотожобасын жүзеге асыру үшін автор жиырма бес елдің шекарасынан өтті. Фотограф көрерменге әртүрлі халықтардың гастрономиялық дәстүрлеріне енуді ұсынады. Оның жұмыстарының кейіпкерлері ұлттық тағамдардың құпияларымен бөліседі.
Көрмеде автор Қазақстанда жасалған бірқатар фотосуреттерді ұсынды.
Габриэле Галимберти Италияның Тоскана аймағында, Ригутино қаласында дүниеге келген. Автор өзінің алғашқы жұмыстарын студенттік шағында жасаған. Бүгінде Габриэле Галимбертидің фотосуреттері әлемнің ең беделді басылымдарында жарияланды, олардың арасында: National Geographic, The Sunday Times, Stern, Geo, Le Monde, La Repubblica, Marie Claire.Автор World Press Photo Award, James Beard Foundation Award, Premio Amilcare G. Ponchielli, APP Prize және басқа да көптеген сыйлықтардың иегері. Габриэле National Geographic-тің ресми фотографы және Canon брендінің ресми өкілі.
«Еуропалық және қазақстандық суретшілер арасында диалог құру тұжырымдамасы пайда болды. Менің ойымша, бұл жоба тек қатысуға тартылған суретшілер мен шығармашылық қайраткерлер арасында ғана емес, сонымен қатар өнердің әртүрлі бағыттары арасында диалог жасайды», - деді көрменің кураторы Ольга Даниэле.
«AQ Dala» тұжырымдамалық арт-перформансын қазақстандық шығармашылық ұжым ADYR-ASPAN көпшілік назарына ұсынды. Ол көрерменді қар басқан Сарыарқа даласында орындалған биден ләззат алуға шақырады. Ақ киім киген биші қыздар өз қимылдарымен өздері өскен жердің дәстүрлі мотивтерін жеткізеді. Бейне-арт, түсірілім және көрме жобасының материалдарын монтаждауды талантты оператор Алмас Мақсұт жүзеге асырды.
Ұлттық музейдегі (Астана қаласы) көрме 2024 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.