15 мың адам келді, сатылым 50 млн теңгеден асты: Astana Pop Up Store алғашқы фестивалі қорытындыланды

15 мың адам келді, сатылым 50 млн теңгеден асты: Astana Pop Up Store алғашқы фестивалі қорытындыланды

Елордада жергілікті брендтердің алғашқы Astana Pop Up Store дизайн-фестивалі өз мәресіне жетті. Креативті индустрия саласындағы ауқымды іс-шаралардың біріне айналған фестивальге екі күн ішінде 15 мыңнан астам елорда тұрғыны мен қала қонағы қатысты. Еліміздің әр өңірінен келген 50-ден астам жергілікті бренд өз өнімдерін ұсынып, фестиваль барысында жалпы сатылым көлемі 50 миллион теңгеден асты. Бұл көрсеткіш отандық креативті өнімдерге деген сұраныстың жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фестивальдің ұйымдастырушысы – Almaty Pop Up Store командасы. Олар 13 жылдан бері Алматы қаласында еліміздегі жергілікті брендтерге арналған ең ірі Pop Up Store фестивалін табысты ұйымдастырып келеді. Жобаның бірлескен ұйымдастырушысы – «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры (Qazaq Creative). Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Екі күн бойы келушілер авторлық киімдермен, аксессуарлармен, зергерлік бұйымдармен, интерьер заттарымен, табиғи косметикамен, үйге арналған өнімдермен және басқа да отандық тауарлармен танысты. Қонақтар ұнаған өнімдерді сатып алып қана қоймай, дизайнерлермен және бренд авторларымен тікелей жүздесіп, олардың шығармашылық жолы мен өнімнің жасалу тарихы туралы білді.

Astana Pop Up Store шығармашылықты, кәсіпкерлікті және заманауи қалалық мәдениетті тоғыстырған ерекше кеңістікке айналды. Фестиваль аясында Moldanazar, Asiya, Torearyq, Yez және Oeleye өнер көрсетіп, мерекелік атмосфераны диджейлердің музыкалық сеттері, гастрономиялық аймақ, серіктестердің арнайы жобалары, ұтыс ойындары, ARGYMAQ жергілікті брендтер байқауы және түрлі интерактивті белсенділіктер толықтырды.

Фестивальдің маңызды оқиғаларының бірі – отандық брендтерді қолдауға арналған ARGYMAQ Select байқауының қорытындысы болды. Ашық дауыс беру нәтижесінде дәстүрлі қазақ шапанын заманауи үлгіде жаңғыртқан AQ QAIYN бренді жеңімпаз атанды. Ал Astana Pop Up Store командасының арнайы жүлдесі – 5–6 қыркүйекте Алматыда өтетін Pop Up Store фестиваліне қатысу мүмкіндігі - Steppe Soul брендіне табысталды. Қазылар алқасы мен келушілердің жоғары бағасына ие болған бренд өзінің ерекше дала рухын сездіретін өнімдерімен көзге түсті. Ұйымдастырушылар байқауға қатысқан барлық брендке алғыс білдіріп, олардың тың идеялары мен батыл жобалары ARGYMAQ байқауын фестивальдің ең жарқын бөліктерінің біріне айналдырғанын атап өтті.

Көптеген дизайнерлер мен өндірушілер үшін Astana Pop Up Store ең табысты сауда алаңдарының біріне айналып, жаңа тұтынушылар тартуға, іскерлік байланыстар орнатуға және отандық креативті өнімдерге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетуге мүмкіндік берді.

Фестиваль аяқталғанымен, қатысушыларды қолдау жалғасады. Жоба тарихында алғаш рет серіктес ретінде қазақстандық ImAI AI-стартапы қосылып, дизайнерлер мен өндірушілерге онлайн-сатылымды дамытуға, клиенттермен тиімді байланыс орнатуға және бизнесті дамытуға арналған заманауи цифрлық құралдарды енгізуге қолдау көрсетеді. Осылайша, Astana Pop Up Store өнімді таныстырып, сататын алаң ғана емес, жергілікті брендтерді қолдайтын заманауи цифрлық экожүйеге бастайтын жаңа мүмкіндікке айналып отыр.

Алғашқы Astana Pop Up Store фестивалі отандық брендтерге деген қызығушылықтың жоғары екенін және мұндай бастамалардың кәсіпкерлер мен көпшілік үшін аса қажет екенін көрсетті. Фестиваль жергілікті өндірушілердің танымал болуына, жаңа серіктестіктердің қалыптасуына және креативті кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, елордада отандық креативті индустрия өкілдерін біріктіретін дәстүрлі алаңның негізін қалады.

153
13.07.2026