
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Президенттік орталығында фототілші, өлкетанушы әрі елорда шежірешісі Нұрмұхамат Имамовтың 100 жылдығына арналған «Н. Имамов: 100 жыл. 100 сәт» ретроспективалық көрмесі ашылды.
Экспозицияға Целиноград, Ақмола және қазіргі Астананың тарихын, сәулетін және күнделікті тыныс-тіршілігін бейнелейтін 100 архивтік фотосурет енді. Туындылар арқылы қаланың келбеті мен қоғамдық өмірінің бірнеше онжылдықта қалай өзгергенін байқауға болады.
Көрме төрт тақырыптық бөлімнен тұрады. Олар фотошебердің тұлғасы мен шығармашылық жолына, ескі қаланың тарихына, елорданың белгілі тұрғындарына және қазіргі Астанаға арналған. Экспозицияның қорытынды бөлімінде ұрпақтар сабақтастығы мен ел болашағын бейнелейтін балалар мен жастар тақырыбы қамтылған.
Нұрмұхамат Имамов Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары театр суретшісі және радиомеханик болып еңбек етіп, кейін өмірін фототілшілікке арнады. Ол 40 жылдан астам уақыт «Акмолинская правда» газетімен және басқа да басылымдармен ынтымақтасып, елорда тарихынан сыр шертетін мыңдаған фотосурет түсірді.
Фототілшінің мұрасын сақтау және цифрландыру жұмысын оның ұлы Ринат Имамов жалғастырып келеді. Жоба Президенттік орталықтың бастамасымен Қалалық туризмді дамыту орталығының, Астана гидтері клубының және Қазақстан теміржолы музейінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Көрме 24 тамызға дейін жалғасады.