
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Төгейін жырды халқыма» атты концерт өтті.
Концерттік бағдарлама қазақ руханияты мен әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған Жамбыл Жабаевтың мол мұрасын насихаттауға бағытталды. Кеш барысында шығармалар жанды дауыста орындалып, көпшілікке ақынның өмірі, шығармашылық жолы мен поэзиялық мұрасы туралы деректер айтылды.
Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Құмарбек Қалқатай, Ерболат Шалдыбеков, Қайрат Айтбаев, Нұрболат Арзамасұлы, Анар Құмарова, Айзат Қарабек және Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Мұхаметбай өнер көрсетті.
Сонымен қатар концертке халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Әліхан Дүйсенбай, Жаслан Кәрім, Мағұрлан Әлкен және өзге де өнерпаздар қатысты.
Кеш барысында Жамбыл Жабаевтың тағылымға толы туындылары шырқалып, қазақ поэзиясының асыл қазынасы көрерменмен қайта қауышты. Өнерпаздардың орындауы арқылы ақын жырларындағы халық даналығы, елдік рух, өмірдің өнегесі мен ұлт болмысы айқын көрініс тапты.

