
Димаш Құдайберген жанкүйерлерін қайталанбас вокалдық мүмкіндіктерімен ғана емес, композиторлық дарынымен де таңғалдырып келеді. Дюссельдорфта өткен концертінде қазақстандық өнерпаз жаңа авторлық туындыларын ұсынып, шығармашылығының тағы бір маңызды қырын танытты.
DIMENSIONS шоуы Польшада басталған халықаралық гастрольдік тур аясында PSD BANK DOME аренасында өтті. Бағдарламадағы туындылардың жартысынан астамының музыкасын Димаштың өзі жазған.
Жаңа турда ағылшын тіліндегі «Tell me why», қазақ тіліндегі «Жаңа күн» әндері және өнерпаз сезімді тек музыка арқылы жеткізетін аспаптық вокализ алғаш рет орындалды. Димаштың үш түрлі жастағы өз бейнесінің атынан үш дауыспен орындаған «Omir» композициясы бағдарламада айрықша орын алды.
Бағдарламаға оның шығармашылық жолының әр кезеңіндегі әндер де енді. Олардың қатарында алғашқы авторлық туындыларының бірі – «Ұмытылмас күн» әнінен бастап, ауқымды «The Story of One Sky» композициясына дейін бар. Көрермендер «Fire», «Самғау», «Moonlight», «Yazgi» және басқа да шығармаларды тыңдады.
Жанкүйерлер үшін тағы бір жаңалық – жаңа альбом әзірленіп жатқаны туралы хабар болды. Димаш бұл альбомды дайындауға орындаушы ғана емес, автор әрі музыкалық продюсер ретінде де қатысып жатқанын айтты.