Әлемнің үздік тревел-блогері Қазақстанның шетелдіктерді несімен қызықтыратынын айтты

Әлемнің үздік тревел-блогері Қазақстанның шетелдіктерді несімен қызықтыратынын айтты

Қазақстанның табиғи көрікті жерлері халықаралық кеңістікте жиі көрініс тауып, шетелдік аудиторияның назарын аударып келеді. Бұл туралы Qazaq Culture порталына берген сұхбатында жақында WIBA Awards халықаралық сыйлығында әлемнің үздік тревел-блогері атанған Дастан Мұхамедрахым айтты.

Блогердің сөзінше, шетелдік көрермендерді ең алдымен Қазақстан табиғатының сан алуандығы қызықтырады. Бір елдің аумағында тауларды, шатқалдарды, тұзды көлдерді, шөлейттер мен кең жазира даланы кездестіруге болады. Табиғаттың осындай алуан келбеті шетелдік көрермендерді таңғалдырмай қоймайтыны сөзсіз.

Дастан Мұхамедрахым әр бейнероликте тек әсем табиғатты көрсетумен шектелмей, тың идея ұсынуға ұмтылатынын атап өтті. Оның сөзінше, өзгеше ракурс, тың идея мен ерекше визуалдық шешімдер шетелдік аудиторияға Қазақстанды жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.

Блогер өз жұмыстарында Маңғыстау өңірі, Катонқарағай және Алматы маңындағы табиғи орындарды көптеп түсіреді.

Көпшілік біле бермейтін бағыттар ретінде ол Жетісу Алатауындағы Үшкөл көлдері мен Маңғыстаудағы Қарынжарық ойпатын атады. Бұл жерлер туралы түсірілген кейбір бейнероликтер миллиондаған қаралым жинап, елдің шалғай өңірлеріне де қызығушылық бар екенін көрсетті.

Қазір Дастан Мұхамедрахым танымал контент жасаушылар Joe Hattab пен MegaAmerican-мен бірге Қазақстанның көрікті өңірлерін аралап, жаңа бейнематериалдар түсіріп жүр. Оның пікірінше, әлеуметтік желілерде Қазақстанға қатысты контентке сұраныс артып келеді. Дегенмен туризмді дамыту үшін әсем табиғатпен қатар инфрақұрылым, қызмет көрсету сапасы, қауіпсіздік және бағыттар туралы қолжетімді ақпарат ұсыну да маңызды.

Сұхбаттың толық нұсқасын Qazaq Culture сайтынан оқи аласыз.


78
20.06.2026