
Астанада XV халықаралық «Астана кештері» өнер фестивалі басталды. Өнер мерекесінің ашылу салтанаты «Қазақстан» орталық концерт залында өтті.
Фестивальдің алғашқы кеші әлемге әйгілі әнші Уитни Хьюстонның шығармашылығына арналды. Оңтүстік Африкадан келген әнші Белинда Дэвидс әлемдік эстраданың жауһарына айналған I Will Always Love You, I Have Nothing, I Wanna Dance with Somebody және басқа да танымал әндерді орындады.
Концертте әншіге «Астана Опера» театрының оркестрі сүйемел жасады. Оркестрге әйгілі опера әншілері Хосе Каррерас және Андреа Бочеллимен бірге өнер көрсеткен итальяндық маэстро Роберто Молинелли дирижерлік етті. Сондай-ақ кештің арнайы қонағы, итальяндық рок-әнші Симоне Романато сахнаға шықты.
Белинда Дэвидс қазақстандық музыканттардың кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді. Ол оркестр мен қосалқы вокалистердің үйлесімді өнер көрсеткенін атап өтіп, фестивальдегі жылы ықылас пен ерекше көңіл күйден алған әсерін бөлісті.
Бұған дейін фестиваль аясында «Астана Опера» театрының сахнасында Non-Stop OPERA музыкалық шоуы өтті. Оған Астана, Алматы және Ташкент қалаларындағы опера театрларының солистері қатысты. Бағдарламада Россини, Верди, Оффенбах және Бернстайн шығармаларынан ариялар орындалды.
Фестивальдің қорытынды бағдарламасына Barocco камералық музыка кеші белгіленді. 11 қазанға жоспарланған концертте «Астана Опера» театрының оркестрі дирижер Евгений Бушковтың жетекшілігімен Бах, Вивальди, Гендель және өзге де композиторлардың шығармалары орындалды. Кешке француз гобойшысы Жером Гишар, қазақстандық FORTE TRIO ансамблі мен флейташы Ержан Кушановтың қатысты.