Парижде Гиме Азия өнерінің ұлттық музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады.
Экспозицияда Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылған. Олар Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін паш етеді.
Келушілер Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін бейнелейтін жәдігерлерді көре алады. Алғашқы белес – неолит дәуіріндегі Ботай мәдениетіне жататын «Тобыл ойшылы» мүсіні. Бұл кезеңнің ең маңызды жетістіктерінің бірі – жылқыны қолға үйрету. «Алтын адамның» әшекейлері сақтар мен сарматтардың алғашқы көшпелі тайпалық одақтарының және протомемлекеттерінің қалыптасуымен ерекшеленетін екінші кезеңнің көрінісі. Тас мүсіндер (балбалдар) Түрік қағанаттары тұсындағы ортағасырлық Қазақстан тарихын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шамдары қазақ даласына ислам дінінің таралуын көрсетеді. Ал, Қазыбек бидің шапаны Қазақ хандығының құрылуы мен қазіргі Қазақстанның дамуын сипаттайды.
«Көрмеде Қазақстанның бес «Джокондасы» қойлған. Бұл көрменің идеясы бір жыл бұрын Франция президентінің Қазақстанға сапары кезінде туындады. Оның мақсаты – көрерменге Қазақстан мәдениетін, оның әлемдік тарихта алар орнын таныстыру. Көрме ежелгі тарихтан бастап 18-ші ғасырдағы Қазақстанға дейінгі аралықты қамтыған. Бұл – Қазақстанның пейзаждарын, дыбыстарын, әсіресе, осы өркениеттің бес кезеңін бейнелейтін бес шедеврді немесе шедеврлер ансамблін көрсететін иммерсивті саяхат», – деді Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейі директоры Янник Линц.
1889 жылы негізі қаланған Musée Guimet – Азия өнерінің әлемдегі ең үлкен коллекцияларының бірін қамтиды.
Айта кетейік, 5 қарашада көрмені Қазақстан мен Франция президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон тамашалады. Сол күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен салтанатты ашылу рәсімі өтті. Министр көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен француз әріптестеріне алғыс білдіріп, Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Музейдің биік миссиясы – өткеннің мәдени құндылықтарын көрсете отырып, заманауи тарихты жасау. Көрмеге қойылған ең құнды жәдігерлер алғаш рет шетелдік көрерменге заманауи, жаңашыл форматта ұсынылып отыр. Бүгін біз жаңа тарихтың – елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму тарихының куәсі болып отырмыз», – деді министр.