
Қазақстанда алғаш рет өткен Astana AI Film Festival байқауына әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түсті. Бұл – жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдерге арналған ең ауқымды халықаралық байқаулардың бірі.
Фестивальдің бас жүлдесін «The First Honest Day» туындысының авторы, Латвия өкілі Николай Шестак жеңіп алды. Жеңімпазға 450 мың доллар, яғни шамамен 201,5 млн теңге көлеміндегі ақшалай жүлде берілді.
Қазақстандық Мырзахан Жұмахан «Үздік кейіпкер» номинациясының жеңімпазы атанды. Оның «It Was Just a Joke» атты комедиялық туындысында ит пен иесінің бауыры арасындағы тартыс суреттеледі. Әзілден басталған кикілжің оқиға желісін ширатып, тартысты үдете түседі.
Екінші орынды Үндістанның «Sitara» фильмі иеленді. Туынды авторына 200 мың доллар, яғни шамамен 89,5 млн теңге көлеміндегі жүлде берілді. Үшінші орынға ие болған Испанияның «Looking For Perseida» жобасы 100 мың долларлық жүлдемен марапатталды. Бұл – шамамен 44,8 млн теңге.
Фестивальдің ақтық сынына барлығы 25 туынды іріктелді. Оларды креативті индустрия мен технология салаларының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Astana AI Film Festival фестивалінің жалпы жүлде қоры 2 млн доллар, яғни шамамен 895,5 млн теңге болды. Қаражаттың жартысы жеңімпаздарды марапаттауға, қалған жартысы жасанды интеллект саласындағы келешегінен үміт күттіретін ұжымдарды қолдауға және Қазақстандағы киноөндірісті дамытуға бөлінді.
Астанада алғаш өткен AI Film Festival жасанды интеллектінің жаңа киноиндустрияда орныға бастағанын көрсетті. Осындай ауқымды байқауды өткізу арқылы Қазақстан технология, креативті экономика мен заманауи өнер тоғысатын орталық ретіндегі орнын нығайта түседі.