Шаңырақ күні – берекелі отбасының жарқын үлгісі

Шаңырақ күні – берекелі отбасының жарқын үлгісі

Шаңырақ күні – отбасының қадір-қасиетін, бірлік пен махаббатты ұлықтайтын ерекше мереке. Айтулы күнге орай «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаты, береке-бірлік пен сыйластықты өз өмірлерінің басты құндылығы деп білетін Айткожиндер отбасымен әңгімелестік.

– Айнаш Болатбекқызы, отбасыңызды оқырмандарға таныстырып өтсеңіз.

– Біз – Айткожиндер отбасы. «Мерейлі отбасы» байқауында лауреат атандық. Жолдасым – Сайран Айткожин. Саяхатшы, жазушы, қоғам қайраткері. «Қамқор әке» медалімен марапатталған. Жолдасым спортқа да жақын.

Менің атым – Айнаш. Сегіз баланың анасымын, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерімін. Көптеген марафондарға қатысамын.

Үлкен ұлымыз Ақсұлтан қазір магистрант. Назарбаев университетінде IT саласы бойынша білім алуда. Ол бала кезінен өлең жазады, кішкентай кезінде кітап та шығарған. Көптеген сайыстарға, жүгіруден марафондарға да жиі қатысады.

Қызымыз Анеля жазда оқуын аяқтайды. Ол Нәрікбаев атындағы университетте білім алып жатыр. Қызымыз Малика – екінші курс студенті, Еуразия ұлттық университетінде филология мамандығында оқиды. Тағы бір қызымыз Кенже қазір 18 жаста. Ол 11-сыныпта оқиды, қазір жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүр. Ұлымыз Салахаддин – 15 жаста. Ол «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысына жиі қатысады, өзінің «Жас сарбаз» куәлігі де бар. Келесі ұлымыз Нуриддин қазір 11 жаста. Ал кенже ұлымыз Сайфулдин – 8 жаста. Нуриддин мен Салахаддин дзюдо секциясына қатысып, көптеген грамоталарға ие болған.

Әкімдік тарапынан түрлі марафондар ұйымдастырылып тұрады. Сол жарыстарға біз бүкіл отбасымызбен – ұл-қыздарымызбен бірге, анасы мен әкесі болып, бәріміз бірдей қатысамыз. Кейде бірге марафон жүгіріп, кейде велосипед теуіп, жалпы отбасымызбен спорттық шараларға белсенді қатысамыз.

– «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға не себеп болды?

– Бұл конкурс туралы біз алғаш рет 2017 жылы мектеп арқылы естіген едік. Кейін 2024 жылы «Комсомольская правда» газетінің 22–29 мамыр аралығындағы санында жарияланған «Лучше всех» атты мақаланы көзіміз шалды. Сол кезде жолдасым газетті дүңгіршектен сатып алып, бізге көрсеткен болатын.

«Мерейлі отбасы» байқауы туралы айтар болсам, бұл – өте тамаша әрі маңызы зор конкурс. Осындай игі бастаманы ұйымдастырған комиссия мүшелері мен ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіреміз. «Мерейлі отбасы» байқауы қоғамға үлгілі отбасыларды танытып, отбасылық құндылықтардың маңызын кеңінен насихаттайды. Сонымен қатар ынтымақ пен бірліктің, сыйластық пен түсіністіктің жарқын үлгісін көрсетеді.

Бұл байқау бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін айқындап, отбасылық бақыт пен өзара құрметтің қадірін терең түсіндіреді деп ойлаймын.

– Отбасыңыздағы ең басты құндылықтар қандай?

– Отбасымыздағы ең басты құндылықтар – сыйластық, бірлік, еңбексүйгіштік және бір-бірімізге қамқор болып, әрдайым қолдау көрсету. Отбасылық береке мен татулықтың сыры да осында деп білеміз. Біздің отбасымызда әрқайсымыз бір-біріміздің пікірімізді құрметтеп, сөзімізге құлақ асып, өзара сыйластықпен қарым-қатынас жасаймыз. Кез келген мәселені ашық айтып, еркін сөйлесуге тырысамыз. Сонымен қатар уақытты бірге өткізіп, отбасылық дәстүрлерімізді сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеміз. Осындай сыйластық пен түсіністік отбасымыздың берекесін арттырып, бірлігін нығайта түседі.

– Шаңырақ күні отбасыңыз үшін қандай мағынаға ие?

– Шаңырақ күні – отбасының қадір-қасиетін ұлықтайтын, бірлік пен махаббатты дәріптейтін ерекше мереке. Менің ойымша, бұл күн – отбасымен бірге болудың, бір-біріне құрмет көрсетудің, ата-баба дәстүрін сақтаудың және жақын жандарға қолдау білдірудің маңызын еске салатын ерекше сәт. Шаңырақ күні әр отбасының ынтымағын арттырып, жүректерге жылулық пен мейірім сыйлайтын мереке деп білеміз.

– Біздің оқырмандарға қандай тілек айтасыз?

– Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат және отбасы шаттығын тілейміз. Шаңырақтарыңызда әрдайым береке мен бірлік болсын!

215
17.03.2026