
Анимация – балалар мен ересектерді бірдей қызықтыра алатын, идея мен қиялды көркем бейнеге айналдыратын ерекше өнер түрі. Бүгінде бұл сала тек ойын-сауық құралы ғана емес, ұлттық мәдениетті, тарих пен құндылықтарды насихаттаудың маңызды алаңына айналып келеді. Қазақстанда да анимация индустриясы қарқын алып, жаңа форматтар мен тың жобалар көбейіп жатыр. Осы орайда біз «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің суретші-аниматоры Абылқайыр Абылғазымен анимациядағы кейіпкер жасаудың қыр-сыры және қазақ анимациясының бүгінгі даму бағыты туралы әңгімелестік.
– Әбілқайыр мырза, алғашқы салған суретіңіз есіңізде ме?
– Мен бала күнімнен қиялы ұшқыр болып өстім. Сол кезде көрген мультфильмдер дүниетанымыма ерекше әсер етті. Ата-анам әкеліп беретін әртүрлі мультфильмдердің DVD-дискілерін қайта-қайта көруден жалықпайтынмын.
Үлкен ағам да мультфильмдерге қызығатын. Ол ұнаған кейіпкерлерінің суретін салу үшін кадрларды жиі тоқтатып қойып, олардың бейнесін дәптерге түсіретін. Мен оның бұл әрекетін қызығушылықпен бақылап, экрандағы кейіпкерлерді дәл бейнелей алатынына таңданатынмын. Біраз уақыттан кейін мен де сурет салып көруге талпындым.
Шамамен 5-7 жасымнан бастап сурет салуға әуестене бастадым. Кейіпкерлерге толы бірнеше дәптерім болды. Осы қызығушылықтың арқасында сурет салуды ғана емес, қиялымды дамытуды, кейіпкерлердің пішінін, эмоциясын және қозғалысын тереңірек түсінуді үйрендім.
10-11 жасымда «Қазақстан тарихы» оқулығының шетіне алғашқы анимациямды жасап көрдім. Ол қарапайым флипбук болғанымен, мен үшін үлкен жаңалық еді. Кейіпкердің көз алдымда қозғалып, жан біткендей әсер қалдырғаны әлі есімде. Анимация әлеміне жасаған алғашқы қадамым дәл сол кезеңнен басталды деп есептеймін.
Ол кезде «анимация» ұғымын да толық білмейтінмін. Бірақ суреттерді қозғалысқа келтіру, оқиға құрастыру және өз қиялымдағы дүниені жандандыруға деген қызығушылық менің бойымда сол уақытта қалыптасты.
– Сіздің ойыңызша, мультфильмдер бала тәрбиесіне қаншалықты әсер етеді?
– Менің ойымша, баланың тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Одан кейін оның дүниетанымына қоршаған орта мен күнделікті тұтынатын ақпараттық контент әсер етеді. Соның ішінде анимация, әсіресе мультфильмдер, балалар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.
Әртүрлі оқиғалар, кейіпкерлер мен олардың іс-әрекеттері арқылы балалар жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуды, достықтың қадірін түсінуді, жауапкершілікті сезінуді және айналасындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренеді.
Меніңше, сапалы анимация көрерменді қызықтырып, көңіл көтерумен ғана шектелмейді. Ол баланың ойлау қабілетінің дамуына, дүниетанымының кеңеюіне және мінез-құлқының қалыптасуына да елеулі ықпал етеді.
– Мультфильм жасау процесі қалай жүреді? Идеяның дайын анимациялық туындыға айналу жолы қандай?
– Барлығы идеядан басталады. Алдымен туындының негізгі идеясы бірнеше рет өңделіп, жан-жақты талқыланады. Одан кейін кейіпкерлердің алғашқы бейнелері мен локациялардың концепциясы әзірленеді. Содан соң қоюшы суретші сценарий негізінде қарапайым суреттік сценарий, яғни раскадровка жасайды. Суреттік сценарий – болашақ анимацияның визуалды жоспары.
Келесі кезеңде аниматик дайындалады. Аниматик арқылы сахналардың ұзақтығын, оқиға ырғағын және жалпы атмосферасын алдын ала көруге болады. Бұл жұмыстардың барлығы pre-production, яғни негізгі өндіріс процесіне дайындық кезеңіне жатады.
Дайындық жұмыстары аяқталған соң мультфильмді жасауға қатысатын команда толық жасақталады. Бұдан кейін анимация өндірісінің негізгі кезеңі басталады. Оның өз ішінде көптеген бағыты бар. Қысқаша айтқанда, бұл кезеңде кейіпкерлер қозғалысқа келтіріліп, қажетті визуалды және техникалық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Соңында локациялар, дыбыс пен дайын кадрлар монтаж арқылы біріктіріліп, толыққанды анимациялық туынды қалыптасады.
Жалпы алғанда, бұл – анимация өндірісі деп аталатын күрделі әрі көпсатылы процестің қысқаша сипаттамасы ғана. Оның әр кезеңінің өзіндік ерекшелігі бар және әрқайсысы жеке талқылауды қажет етеді.
Ал сценарийге келсек, ол мультфильм жасаудағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Себебі көрерменді қызықтыратын оқиға мен туындының негізгі идеясы дәл осы кезеңде қағазға түседі. Жақсы сценарий көрерменге эмоция сыйлап, шығарманың негізгі ойын әсерлі жеткізеді. Сонымен қатар автор өз ойын әртүрлі жанрлар мен көркемдік тәсілдер арқылы дұрыс көрсете білуі қажет. Сонда ғана көрермен мультфильмнің мазмұнын тереңірек түсініп, оның идеясын толық қабылдай алады.
– Ұлттық құндылықтарды анимация арқылы насихаттау қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды деп ойлаймын. Себебі анимация арқылы ұлттық мәдениет пен дәстүрді балаларға ерте жастан таныстыруға болады. Мультфильмдер баланың дүниетанымына тікелей әсер етеді. Сол арқылы олар өз елінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын танып өседі.
Әрине, мұндай тақырыптарды балаларға түсінікті, жеңіл әрі қызықты формада ұсыну қажет. Қазір анимация саласында түрлі жанрлар мен жаңа форматтар дамып келеді. Осы жобалардың ішінде ұлттық мәдениеттің элементтері мен дәстүрлі құндылықтар да біртіндеп көрініс тауып жатыр. Меніңше, бұл өте жақсы үрдіс.
Көрермен заманауи форматқа қызығушылық таныта отырып, ұлттық құндылықтарды да қабылдай бастайды. Осылайша анимация ұлттық мұраны насихаттаудың маңызды құралдарының біріне айналады.
– Кейіпкер образын жасау барысында қандай ерекшеліктерге басымдық бересіз?
– Кейіпкер образын жасау барысында әрбір деталь маңызды. Оның дене бітімінен бастап, түстер палитрасы мен сыртқы келбетіне дейінгі барлық элемент кейіпкердің мінезін ашуға қызмет етеді.
Кейіпкер көрерменнің есінде қалуы үшін оның өзіндік ерекшеліктеріне мән беру қажет. Сондықтан образды қалыптастыру кезінде оны өзгелерден даралап тұратын белгілерді іздейміз және соларды айқындауға тырысамыз.
Мысалы, егер кейіпкер мейірімді әрі тартымды болса, оның дене пішіні жұмсақ, домалақ формалар арқылы беріледі. Қимыл-қозғалысы да еркін, жылы әсер қалдыратындай етіп жасалады. Бұл көрерменге кейіпкердің болмысын алғашқы сәттен-ақ сезінуге мүмкіндік береді.
Ал жағымсыз кейіпкерлердің сұлбасы көбіне үшкір, бұрышты және қатаң формалар арқылы жасалады. Мұндай визуалды шешімдер олардың мінезін сөзсіз жеткізіп, көрерменге бірден белгілі бір әсер қалыптастыруға көмектеседі.
– Қазақ анимациясына тоқталсақ. Елімізде бұл саланың дамуын қалай бағалайсыз?
– Менің ойымша, бүгінде қазақ анимациясы қалыптасу және даму кезеңін бастан өткеріп жатыр. Әрине, кейбір елдермен салыстырғанда бұл бағытта жинақтаған тәжірибеміз әлі де аз болуы мүмкін. Дегенмен соңғы жылдары қоғамның анимацияға деген қызығушылығы айтарлықтай артып келеді.
Қазір осы салаға бет бұрған талантты, ізденімпаз әрі шығармашыл жастардың қатары көбейді. Бұл өз кезегінде қазақ анимациясының өзіндік болмысын, көркемдік қолтаңбасын және авторлық көзқарасын қалыптастыруға жол ашып отыр.
Меніңше, уақыт өте келе қазақ анимациясы жаңа деңгейге көтеріліп, ұлттық мәдениетімізді, бай тарихымызды және халқымыздың дүниетанымын кеңінен танытатын сапалы туындыларды дүниеге әкеледі. Көрерменнің есінде ұзақ сақталатын, мазмұны терең әрі тәрбиелік мәні зор мультфильмдер жасауға толық мүмкіндігіміз бар.
– Кейінгі жылдары отандық анимация саласында қандай өзгерістер бар?
– Қазір тек балалар аудиториясына ғана емес, ересек көрермендерге де арналған эксперименттік қысқаметражды туындылар мен сериал форматындағы анимациялық жобалар көбейіп келеді. Сонымен қатар бұл салаға жаңа идеялар мен тың көзқарас алып келетін жас әрі талантты мамандардың қатары артып жатыр.
Олардың ізденісі мен шығармашылық талпынысы қазақ анимациясының мазмұндық және көркемдік тұрғыдан дамуына жаңа серпін береді деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!