
Жамбыл облысының креативті әлеуеті дәстүрлі қолөнермен ғана шектелмейді. Бүгінде өңір креаторлары ұлттық мұраны жасанды интеллект, 3D-технология және vibe-coding сияқты заманауи құралдармен ұштастырып, жаңа форматтағы шығармашылық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Осы әлеует «Creative Aimaq» жобасы аясында өткен «Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесінде кеңінен таныстырылды. Екі күнге созылған жәрмеңкеге 6 000 елорда тұрғыны мен қонағы қатысып, Жамбыл облысы креаторларының өнімдері 15 млн теңгеден астам сомаға сатылды.
Жәрмеңке барысында келушілерге қолөнер бұйымдары, ұлттық кәдесыйлар, киіз және табиғи материалдардан жасалған өнімдер, авторлық аксессуарлар, кітаптар, картиналар мен сәндік бұйымдар ұсынылды.
Жамбылдық креаторлар дәстүрлі өнермен қатар, заманауи технологияларды қолдану арқылы әзірленген жобаларын да таныстырды. Атап айтқанда, AI негізіндегі «Зияткерлік және спорттық кофехана», Hermes Analytica цифрлық жүйесі, vibe-coding жобалары, ASPARA брендінің неофольклорлық топтамасы, жасанды интеллект көмегімен әзірленген қазақ ертегілері мен анимациялық фильмдер, инклюзивті кітаптар және 3D-технология арқылы жасалған тактильді макеттер көпшілік назарына ұсынылды.
Өңірдің креативті индустриядағы әлеуеті дәстүр мен технологияның сабақтастығынан айқын көрінеді. Бұған дейін 200 шаршы метрлік киіз туындысы Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енген болатын.
«Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесі Жамбыл облысының креативті индустриясы ұлттық мұраны сақтай отырып, инновациялық бағыттарды игеріп, экономикалық құндылық қалыптастырып келе жатқанын көрсетті.