
Домбыра – қазақ халқы үшін киелі құндылықтың бірі. Оның шынайы құндылығы мәдени-әлеуметтік құбылыс ретінде де аса маңызды. Себебі, домбыра қазақ қоғамында тарихты, дүниетанымды және құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін ерекше аспап. Осы мәдени феноменнің бүгінгі жалғасын білу мақсатында біз домбыраны тек орындаушылық деңгейде емес, өндірістік-шеберлік қырынан да дамытып жүрген маман, домбырашы әрі шебер Мәртебелі Бауыржанқызымен сұхбаттастық.
– Домбыраның қазақ мәдениеті мен руханиятындағы орны туралы не ойлайсыз?
– Орны айрықша әрі қасиетті деп ойлаймын. Домбыра – қазақ халқының жанын, тарихы мен тағдырын жеткізетін киелі аспап. Оның үні арқылы халық өз қуанышын да, қайғысын да, арманы мен мұңын да білдірген. Күй – айтылған тарих, шежіре іспетті. Онда елдің басынан өткен қиын кезеңдер, батырлық пен ерлік, сағыныш пен үміт көрініс табады. Сол себепті домбыра халқымыздың рухани жадын сақтаушы.
Сонымен қатар домбыра қазақты бірлікке, сабырға, терең ойға тәрбиелейді. Оның қоңыр үні адам жанына жылу беріп, көңілін тыныштандырып, ішкі дүниесін тазартады. Бүгінде домбыра өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, ол ұлттық болмысты сақтаудың, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің маңызды құралына айналып отыр.
Домбыраның тәрбиелік мәні зор дейтін себебіміз – жауға аттанар алдында абыздар, қариялар мен батырлар жастарды жинап, домбырамен терме, батырлар жырын орындап, елдік рухты көтеріп, ақыл-кеңес берген. Бұрынғы батырлардың ерлігін дәріптеп, жас буынның жүрегіне намыс пен жігер ұялатқан.
Басқа елдерде рухани, мәдени салада ғалымдар мен философтар үлкен рөл атқарса, қазақ қоғамында сол дәрежеге күйші, жыршы, жыраулар лайық болған. Олар халықтың ой-санасын қалыптастырып, бағыт-бағдар беріп отырған. Сол себепті домбыра және бұл аспапта орындалатын барлық әуен – ән, күй, терме, жыр – қазақтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін асыл қазына, ұлт рухының мәңгілік үні.
– Өнерге қалай келдіңіз? Домбыраға қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
– Бұл шынымен де қызық оқиға. Домбыраға қызығуыма бірнеше себеп болды. Нағашы апам домбыраны қатты жақсы көрген екен. Анамды қанша рет домбыра үйірмесіне берсе де, қабылдай алмаған көрінеді. Мен дүниеге келмей тұрып анам үш ұлдан кейін қыз болады деген үмітін үзген екен. Сосын, егер қыз туса, есімін Мәртебелі қойыңдар депті. «Мәртебесі елден биік болсын» деп тілеген екен.
Сол кезде апам домбыраны ерекше жақсы көргендіктен, бес уақыт намазында «Күйші қыз келсін, өнерлі болсын» деп дұға еткен секілді. Кейін бала кезімде марқұм әкем бір мәдениет үйі бұзылған кезде сол жерден домбыра алып келді. Ол кезде менің жасым жетіде еді. 2004 жылдары қазіргідей гаджеттер жоқ, тек теледидар ғана болатын. Үйде ілулі тұрған сол домбыра маған үнемі қызық көрінетін.
Үлкен ағам өнерлі еді, әкем де аздап ән айтатын. Бірақ біздің отбасымызда кәсіби өнер адамдары болған жоқ. Алғаш домбырамен таныстырып, ән үйреткен – сол ағам. Анам болса, домбырашы емес, дәрігер болғанымды қалады. Сондықтан өнерге деген қызығушылығыма аса мән бере қоймады.
Мен анамнан жеті жасымнан бастап музыкалық мектепке баруға рұқсат сұрап жүрдім. Ақыры бесінші сыныпта Қазалы аудандық музыка мектебінің домбыра сыныбына қабылдандым. Міне, сол уақыттан бері осы жолда білім алып, домбырамен бірге өсіп келемін.
– Шеберханаңыз жайлы айтып өтсеңіз. Домбыралар қалай жасалады?
– Мен бұл салада кейінгі 10 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Домбыралар сапасына қарай әуесқой, жартылай кәсіби және кәсіби болып бөлінеді. Түріне қарай жасау уақыты да әртүрлі. Әсіресе, кәсіби домбыра үшін кепкен ағаштың сапасы өте маңызды. Материалдарымыздың көбі шетелден келеді. Домбыра жасауға қайың, шырша, қарағай, үйеңкі, граб, қызыл ағаш сияқты ағаш түрлері кеңінен қолданылады. Домбыра жасау – өте күрделі қолөнер. Себебі аспап тек әдемі көрінуі үшін ғана емес, дыбысының таза шығуы, шерткенде орындаушының қолына ыңғайлы болуы, мойынының майыспауы аса маңызды. Сондай-ақ, лактың дұрыс жағылуына да мән беру керек. Қалың жағылса, дыбысы тұншығып қалады.
Домбыра 7, 9 және 11 шанақты болып бөлінеді. Маңызды кезеңдердің бірі – ағашты бөліп, домбыраның шанағын құрастыру. Орташа деңгейдегі домбыралардың бөлшектері тез жабысып, бірігеді. Ал, граб, амарант, үйеңкі, қызыл ағаш сияқты материалдар ұзақ кептіріп, өте мұқият жабыстыруды талап етеді. Сондықтан кейде кәсіби шебер бір домбыраны бірнеше ай бойы жасайды.
Дыбысы таза, күмбірлеп шығуы үшін бет тақтайы дұрыс жабылуы, беті тым қалың жонылмауы керек. Себебі бет тақтайы қалай жабылса, домбыраның үні де соған байланысты шығады. Бұл салада шыдамдылық, талант пен тәжірибе ұштасқанда ғана сапалы домбыра шығады.
Бүтін ағаштан шабылып жасалатын домбыралар да бар. Мұндай домбыралар бір ғана ағаштан арнайы шабылып, шанаққа бөлінбей жасалады. Сондықтан олардың бағасы, жасалу уақыты мен сапасы да өзгеше болады. Кейбір жағдайларда домбыраның мойнын немесе корпусын алтынмен, күміспен аптау да қарастырылады.
– Шығармашылығыңыздың, домбыра жасаушы шебер ретіндегі қызметіңіздің өзегі не?
– Менің ойымша, ең басты өзегі – жастар арасында домбыраны барынша насихаттау. Қазақтың тарихы, жыр-термесі – біздің ұлттық кодымыз. Кез келген жерде домбыраның үні шықса, қазақтың делебесі қозып, рухы оянып, ерекше сезімге бөленеді. Себебі бұл біздің қанымызда бар, сан ғасырлардан бері топырақтан, ананың сүтінен дарып тұрған нәрсе. Соны ары қарай жоғалтпай, жалғастыру біздің міндетіміз.
– Жас домбырашыларға қандай кеңес айтасыз?
– Жастарға қазіргі заманның талабы – бәсекеге қабілетті болу дер едім. Музыка үнемі дамуды, жаңашылдықты талап етеді. Сондықтан біз креативті, заманға сай болып, шығармашылығымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз керек. Домбыра тек ауыл-аймаққа тән немесе тек тойда ғана шертілетін аспап емес. Ол – бүкіл әлемге таныстырылуы тиіс ұлттық қазына. Сондықтан музыканы тек хобби ретінде емес, кәсіби салаға айналдыра білуді үйрену маңызды.