
Алматы облысының креативті индустрия өкілдері елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында өңірдің ұлттық өнері, қолөнері мен шығармашылық әлеуетін таныстыруда.
«Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында өтіп жатқан креативті жәрмеңкеге Алматы облысынан 40-қа жуық креатор қатысуда. Көрме-жәрмеңке сөрелерінен зергерлік бұйымдар, ағаш пен былғарыдан жасалған авторлық туындылар, дәстүрлі тоқыма бұйымдары мен қазақы сән үлгілерін көруге болады.
Жәрмеңкенің маңызды бөлігі – «Шебер қол – ұлттық мұра» интерактивті шеберлік сабақтары. Қатысушылар мен қонақтар зергерлік өнер, киіз және жүн өңдеу, керамика, ағаш пен былғары өңдеу, ұлттық ою-өрнек жасау және музыкалық аспаптарды әзірлеу бағыттарымен танысып, дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгере алады.
Сонымен қатар жәрмеңке аясында қазақтың көрнекті ақындары Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық мұрасына арналған арнайы көрмелер ұйымдастырылған. Экспозициялар арқылы келушілер ақындардың өмірі мен шығармашылығына жақынырақ таныса алады.
Шара барысында Алматы облысының туристік әлеуеті де таныстырылып, өңірдің табиғи, мәдени және тарихи нысандары туралы ақпарат ұсынылады.
Барша қала тұрғындары мен қонақтарын Алматы облысының ұлттық өнері мен заманауи шығармашылығымен танысуға шақырамыз.