
Семейдегі осы еңселі үйді кім салдырғанын музей қызметкерлері баяғыдан білетін. Мұрағат ақтарып, көне құжаттардан дерек жинап, ғимараттың тарихын жылдар бойы түгендеген де өздері. Тек бір қарапайым сауалдың жауабы көпке дейін табылмады. Үй иесінің кескін-келбеті қандай еді?
Қазір бұл үйде Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі орналасқан. Келушілерге ғимараттың тарихын әңгімелеген сайын оны салдырған көпес Федор Степановтың есімі аталатын. Ал «үй иесі – мына кісі» деп көрсетер бір сурет музейде жоқ еді.
Осыдан жиырма жылдай бұрын музейге бір жігіт телефон соғып, өзін Степановтың ұрпағы деп таныстырды. Содан екі жақ хат жазысып, бір-біріне қолдағы құжаттарын жолдап, әулет тарихына қатысты білгендерін ортаға сала бастады. Үйдің өткені жайлы талай жайт сол хаттардың арқасында анықталды. Кейін жиналған деректер осы ғимарат туралы жеке басылымға арқау болды.
Арада жылдар өтті. 2026 жылдың жазында көпестің шөпшегі Александр Яненко Семейге әулетінде сақталған альбомды ала келді.
Музейдегілер одан көпестің ұрпақтарының фотосуреттерін көреміз деп ойлаған. Альбомды ашқанда алдарынан Федор Степановтың өзі шықты. Үй иесінің жүзін олар сол күні алғаш көрді.
Сөйтсе, әулет қолында фотосуреттермен бірге көпестің, оның жұбайы мен баласының портреттері де сақталыпты. Арасында бояумен салынған портреттер де, графикалық туындылар да бар. Бірнешеуін мәскеулік суретші Алексей Колесов салған. Ұрпағы ондаған жыл бойы аялап сақтаған бұл дүниелер енді сол портреттердегі жандар бір кезде өздері тұрған бөлмелерге оралды.
Осы кездесуден кейін музейде «Федор Степанов. Ғасырлар жалғаған жүздесу» атты көрме ашылды. Оған айрықша мән беріп тұрған да – үйдің өзі. Әдетте адамнан қалған дүниелер музейге түскенде байырғы ортасынан алыстайды. Портрет көрме залына ілінеді, құжат әйнек сөреге қойылады, күнделікті тұтынған бұйым музей қорына өтеді. Мұнда көпестің бейнесі өз шаңырағына оралып отыр. Портрет ілінген қабырғаның өзі де сол адамның өмірінен сыр шертеді.
Александр Яненконың айтуынша, әулетте атадан балаға мирас болған портреттерді ешқашан көзден таса ұстамаған. Үйге мейман келсе, суреттерді көрсетіп, бабалары жайында әңгімелеп отырған. Сөйтіп, бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы бір адамның ізі екі жерде сақталып келді. Семейде көпестің үйі қалды, ал иесінің түр-тұлғасы жыл өткен сайын ұмытыла берді. Алыстағы ұрпағы бабасының жүзін жақсы білетін. Тек портреттер кезінде арнап салынған үйден жырақта еді. Енді үй мен иесінің бейнесі қайта табысты.
Бұл шаңыраққа көпестің өзі таңдаған үш картина да көшірме түрінде оралды. XVII-XIX ғасырларда салынған бұл туындыларды Степанов Италияға барған сапарында сатып алған екен. Кезінде Еуропа суретшілерінің осы үш картинасы көпес үйінің қабырғасында ілулі тұрған. Төңкерістен кейін олар ағайынды Белослюдовтардың отбасына өткен. Кейін Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің қорына алынған. Түпнұсқалары қазір де сонда сақтаулы.
Қабырғадағы үш суретке қарап, бөлмелердің баяғы қалпын көзге елестетуге болады. Біз бұл үйді сәулет ескерткіші ретінде танимыз, мұнда Невзоровтар әулеті жинаған өнер туындыларын көруге келеміз. Ал Степановтардың тұсында-ақ осы шаңырақта өнердің орны бөлек еді. Мұнда меймандар бас қосатын, музыка ойналатын, үй иелері Еуропа шеберлерінің картиналарын жинайтын. Арада талай жыл өтіп, көпес үйі музейге айналғанда, сол тіршілік те жалғасын тапқандай. Баяғы бөлмелерде бүгін де картиналар ілулі, өнерсүйер жұрт бүгін де осында бас қосады.
Сөйтіп, бір отбасының альбомынан тұтас бір үйдің хикаясы ашылды.
Музейге барғанда көбіміз қабырғадағы картиналарға үңілеміз. Осы дәлізбен бізден бұрын кімдер жүргенін, мына бөлмелердің әуелде не үшін салынғанын, сурет атаулары жазылған шағын тақтайшалар ілінбей тұрғанда қабырғада не болғанын ойлай бермейміз. Ал Степановтың үйінде ғимараттың өзі бірте-бірте жәдігерге айналып келеді.
Мұрағат құжаттарынан үйдің тарихын білсек, портреттерден осында ғұмыр кешкен жандардың жүзін көреміз. Отбасында айтылып келген әңгімелерден сол адамдардың бір-біріне жақындығын сеземіз. Ал үш картинаның көшірмесіне көз тоқтатқанда, бір ғасырдан астам уақыт бұрын үй иелерінің күнде нені көріп, нені тамашалағанын аз да болса елестете аламыз.
Музей қызметкерлері осы күнге жеткенше ондаған жыл ізденді. Әуелі мұрағаттарға сұрау салып, өлкетанушылармен бірге дерек жинады. Одан кейін көпестің ұрпағы хабарласты. Сол бір қоңыраудан басталған таныстық жиырма жылға жалғасып, ақыры әулет альбомын Степановтың өз үйінде отырып парақтаудың сәті түсті.
Музей ісінде мұндай оқиға сирек кездеседі. Кейде өткеннің көптен іздеген бір белгісін мемлекеттік мұрағаттан да, жер қойнауынан да таппайсың. Іздегенің өзге қаладағы бір үйдің шкафында ондаған жыл бойы сақтаулы жатады.
Сөйтіп, күндердің бір күнінде өз үйіне оралады.