Қазақстанға сапар – бұл тек таулар, дала және көшпелі тарих қана емес, сонымен қатар қайталанбас гастрономиялық мәдениет. Ұлттық сусындар — халықтың жан дүниесін кез келген экскурсиядан да тереңірек ашатын материалдық емес мұраның бір бөлігі. Олардың құрамындағы өзгеше дәм, ғасырлардан жеткен дайындау тәсілдері және денсаулыққа пайдасы шетелдік қонақтар үшін нағыз жаңалық десек те болады.
Қымыз — көшпенділердің қуаты
Қазақстанға көктем немесе жаз мезгілінде келсеңіз, міндетті түрде бие сүтінен ашытылып дайындалатын сусын – қымыздың дәмін татып көріңіз. Оның дәмі аздап қышқылтым әрі сергіткіш, ал пайдасы орасан: иммунитетті нығайтады, ас қорытуға көмектеседі және күні бойына қуат береді. Ерте заманда қымыз билеушілердің сусыны саналған, ал бүгінде оны базарлардан да, ұлттық асханалардан да табуға болады.
Шұбат — шөл даланың ақ алтыны
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде сізді түйе сүтінен дайындалатын қою, аздап тәттілеу сусын – шұбатпен қарсы алады. Ол С дәруменіне бай және ыстықта өте пайдалы. Туристер үшін бұл – Еуропа мен АҚШ-та сирек кездесетін өнімді татып көру мүмкіндігі.
Айран — дала дәрумені
Жеңіл, қышқылтым әрі керемет сергітетін айран – жазғы серуендерге немесе таудағы ұзақ жорықтан кейін ішетін таптырмас сусын. Ұлттық мейрамханаларда жиі беріледі, ал ауыл үйлерінде айран – қонақжайлықтың міндетті белгісі.
Далалық шөптерден дайындалған шай
Қазақтың шөп шайы — жай ғана сусын емес, шыныаяққа құйылған шипалы фитотерапия. Даладан және таулардан қолмен теріп, жиналатын табиғи шайқурай, жалбыз, жусан, итмұрын, ирис. Мұндай шай қыста жылытады, жазда сергітеді. Туристер оны ерекше табиғи дәмі мен пакеттелген қоспаларда кездеспейтін хош иісі үшін бағалайды.
Бозала – қайталанбас дақыл дәмі
Сирек кездесетін сусындардың бірі — бозала. Оны тек кейбір өңірлерден ғана кездестіруге болады. Өнген дәннен жасалады, дәмі квас сусыны мен тәттілеу нан тұнбасына ұқсас. Бұл – ежелгі аспаздық дәстүрмен танысудың тамаша мүмкіндігі.
Іркіт пен құрт — қазақ халқының жол азығы
Ел аралап, ұзақ жолға шыққандар үшін іркіт – таптырмас таңдау. Бұл – сәл қышқылтым дәмі бар сарысу. Ал сұйық құрт (суда ерітіп, кептірілген құрт) — көшпенділердің жолға арналған нағыз «қуат беретін сусыны». Оны алып жүру жеңіл, әрі өте тойымды.
Негізгі танымал сусын түрлерінен бөлек, жергілікті тұрғындарға жақсы таныс шалап пен қойыртпақ сынды жеңіл түрлері де бар.
Шалап — айранды, қымызды немесе шұбатты суға 1:1 қатынасында араластыру арқылы дайындалады. Жаздың ыстық күндерінде шалап жеңілдігімен, әрі шөл мен аштықты қатар басу қасиетімен бағаланады. Кейде оған бір шымшым тұз бен көк шөп қосып, нағыз дәруменге толы сусынға айналдырады. Мұны көшпенділер ұзақ көш кезінде ішкен.
Қойыртпақ — шалапқа ұқсас, бірақ су орнына сүт қосылады. Айранның немесе шұбаттың қышқылдығын ұнатпайтындарға өте қолайлы. Сүт дәмін жұмсартып, артық қышқылды кетіреді және жағымды кілегейлі дәм береді.
Бұл сусындар – жай ғана шөл басу емес, ғасырлар бойы қалыптасқан дала мәдениетімен жақын танысу мүмкіндігі. Әр жұтымы – көшпелі өмір салты, қонақжайлық пен адамның табиғаттан барын алып, соны игілікке айналдыру тарихын баяндайды.