«Ұлттық қолөнер мектебі»: жас таланттар шеберлікке қадам басуда

«Ұлттық қолөнер мектебі»: жас таланттар шеберлікке қадам басуда

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен дүние танымын айшықтайтын ұлттық қолөнер – ұлттың мәдени келбетін айқындайтын асыл мұра. Бүгінде сол құндылықтарды жас ұрпаққа үйретіп, дәстүрлі өнерді жаңа заман талабымен ұштастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Осы мақсатта Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен Qazaq Creative Hub алаңында балалар мен жастарға арналған «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба ұлттық қолөнерді дәріптеп қана қоймай, шығармашылық қабілеті бар жастарды қолдап, олардың креативті ойлауын дамытуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаға еліміздің барлық өңірінен 450-ден астам өтінім қабылданып, іріктеу нәтижесінде 208 қатысушы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Оларға республикалық байқауда іріктелген 10 тәжірибелі шебер-тәлімгер дәріс беріп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын тәжірибе жүзінде үйретуде.

Қазіргі уақытта қатысушылар зергерлік өнер, киіз басу, керамика, сүйек ою, кілем тоқу, тері өңдеу, ағаш өңдеу және басқа да дәстүрлі қолөнер бағыттары бойынша білім алып жатыр. Әр қатысушы табиғи материалдармен жұмыс істеуді меңгеріп, өз қолымен бірегей бұйым жасаудың барлық кезеңінен өтуде.

Жобаның басты ерекшелігі – теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, ұлттық өнердің тәрбиелік және мәдени маңызын дәріптеу. Әр сабақ барысында шеберлер өз тәжірибесімен бөлісіп, ата кәсіптің құндылықтарын, еңбекке деген жауапкершілік пен шығармашылық ізденістің маңызын түсіндіреді.

129
29.07.2026