
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының басталғанына 66 күн болды. Осы уақыт ішінде қатысушылар 1,5 миллионнан астам кітап оқыды. Қазір олар бесінші кітапты аяқтап, алтыншысын оқуға кірісті.
Марафон аясында қатысушыларды ынталандыру және кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы марапаттау жүйесі енгізілді. Бес кітап оқығандарға «Талапты оқырман» қола белгісі, он кітап оқығандарға «Жігерлі оқырман» күміс белгісі, он бес кітап оқығандарға «Зерделі оқырман» алтын белгісі беріледі. Қатысушылар тиісті сертификаттарды жеке кабинеттерінен жүктеп ала алады.
Қола белгінің алғашқы иегерлері қатарында Қарағанды және Түркістан облыстарынан «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша қатысып, ең жоғары 1750 ұпай жинаған мұғалімдер бар.
«Мұғалімнің өзі кітап оқыса, балалар мұны көреді. Оқушыларым қазір қандай кітап оқып жүргенімді сұрап, өз кітаптарын әкеледі. Қола белгі — күміс белгіге жетуге жақсы ынталандыру», – дейді Бірінші Теміртау классикалық лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Мининкова.
Түркістан облысындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің география пәні мұғалімі Сәуле Ерманова да өз тәжірибесін бөлісті.
«Күнделікті жұмыста кітап оқуға әрдайым уақыт таба бермейсің. Марафон оны әдетке айналдыруға көмектесті. Мен қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқимын, ал география сабақтары кітаптардан алынған жаңа мысалдармен күшейе түсті», – дейді ол.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітапқа деген қызығушылықты орнықтыруға және халық арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған.