
Qazaq Creative Hub алаңында «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Алматы облысының креаторлары өз өнімдері мен шығармашылық жобаларын елорда жұртшылығына таныстырды. Екі күнге созылған көрме-жәрмеңке өңірдің дәстүрлі өнері мен заманауи креативті индустриясын бір кеңістікте тоғыстырды.
Шара барысында Алматы облысының креаторлары 9 млн теңгенің өнімін өткізіп, көрмеге 2 мыңға жуық адам келді. Бұл көрсеткіш өңірлік шығармашылық бизнестің нарықтағы әлеуетін және ұлттық нақыштағы өнімдерге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті.
Жәрмеңке алаңында зергерлік бұйымдар, ағаш пен былғарыдан жасалған өнімдер, ұлттық тоқыма, қазақы сән үлгілері, ұлттық киімдер мен аксессуарлар, сырмақ, сөмке, әмиян, белдік, кәдесыйлар, сәндік паннолар және бейнелеу өнері туындылары ұсынылды. Әр бұйымнан шеберлік, ұлттық таным және заманауи талғамның үйлесімі байқалды.
Көрменің мазмұнын байытқан маңызды бағыттардың бірі – қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті тұлғаларына арналған экспозициялар. Жекелеген бөлімдер Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналды. Осы арқылы келушілер өңірдің қолөнерін ғана емес, оның мәдени-рухани мұрасын да тереңірек таныды.
«Creative Aimaq» жобасының негізгі мақсаты – өңірлердегі шығармашылық әлеуетті кең аудиторияға таныстырып, креаторлардың өнімдерін нарыққа шығаруға, жаңа тұтынушылар мен серіктестер табуына жағдай жасау.
Жобаның алғашқы сегіз өңірдегі нәтижелері бұл форматтың тиімділігін нақты көрсетті. Өңір креаторлары үшін мұндай алаңдар өнімді тікелей тұтынушыға ұсынумен қатар, жаңа байланыстар орнатуға, брендтерін дамытуға және жергілікті нарықтан тыс аудиторияға шығуға мүмкіндік береді.
Алматы облысының жәрмеңкесі де осы үрдістің жарқын мысалына айналды. 9 млн теңгелік сатылым мен 2 мыңға жуық келуші – өңірлік креативті индустрияның экономикалық әлеуеті артып келе жатқанының нақты көрсеткіші.
«Creative Aimaq» жобасы осылайша ұлттық мұраны сақтай отырып, оны жаңа форматта танытуға және шығармашылықты нақты экономикалық мүмкіндікке айналдыруға жол ашып келеді.