2025 жылғы 2 қыркүйекте Бейжіңде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Халық Республикасының мәдениет және туризм министрі Сунь Елидің, екі ел дипломаттарының, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның Ұлттық мәдениет орталығы ашылды. Бұл оқиға мәдени өмір шеңберінен әлдеқайда асып, екі елдің стратегиялық ынтымақтастығының маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Орталықтың ашылуы – ұзақмерзімді дипломатиялық жұмыстың және жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімнің нәтижесі. 2022 жылы ҚХР Төрағасының Астанаға мемлекеттік сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин екі елде тең негізде мәдени орталықтар құру туралы келісімге келген болатын.
Жаңа орталық халықтар арасындағы көпірге, жастар, ғылым мен өнер диалогының алаңына, сондай-ақ мәдениеттің бүгінгі күні қазақ-қытай қарым-қатынастары күн тәртібінде ерекше орын алатынының айқын дәлеліне айналмақ. «Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір», – деді Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.
Әлемдегі басты мегаполистердің бірінде Орталықтың ашылуы Қазақстанның мәдени дипломатия құралдарын барған сайын белсенді қолданатынын көрсетеді. Бұған дейін негізгі назар экономикалық және саяси өзара іс-қимылға аударылса, енді бұл бағыт гуманитарлық өлшеммен толықтырылуда. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың серіктестік қарым-қатынастарының «екінші алтын отыз жылдығына» қадам басқанын еске салды. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық 44 млрд АҚШ долларына жетті және бұл үрдіс нығая түсуде. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі мәртебесін сақтап отыр, ал екі елдің негізгі халықаралық мәселелерге көзқарасы көбіне сәйкес келеді. Осылайша, Орталықтың ашылуы тек мәдени қадам ғана емес, екіжақты әріптестіктің тұрақтылығы мен тереңдігінің символы.
Қазақстандағы белгілі қытайтанушы Татьяна Каукенованың пікірінше, «Бұл – Қазақстан мен Қытайдың мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы саласындағы соңғы жылдардағы ең маңызды оқиғалардың бірі». Оның айтуынша, Орталық тек дәстүрлі мәдениетті көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар қалыптасқан стереотиптерді жоюға, сенім деңгейін арттыруға және Қазақстанның Қытайдағы танымалдығын көтеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экономикалық және саяси байланыстарға да тікелей әсер етеді.
Жаңа мәдени хаб Бейжіңнің беделді Чаоян ауданында орналасқан заманауи «XXI ғасыр» кешенінде ашылды. Жалпы аумағы – 620 шаршы метр. Кеңістік бірнеше аймаққа бөлінген. Орталық заманауи интерактивті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, Қазақстан мәдениетін барынша терең таныстыруға мүмкіндік береді.
Орталықтың маңызды бөлігі – экспозициялық аймақ, онда тарихи артефактілер мен археологиялық олжалар ұсынылған: Сақ дәуірінің бұйымдарының көшірмелері, Есік пен Берел қорғандарынан табылған экспонаттар, қазақ халқының тұрмыстық заттары. Сондай-ақ келушілер дәстүрлі музыкалық аспаптарды, ұлттық әшекейлерді, тұрмыстық бұйымдарды көре алады. Экспозицияда қазақстандық суретшілердің картиналары, ел тарихы мен мәдениетіне арналған сирек кітаптар да бар. Мультимедиялық экрандарда Қазақстанның табиғи және мәдени көрікті жерлері туралы деректі фильмдер мен бейнематериалдар көрсетіледі.
Орталықта қазақ тілі кабинеті жұмыс істеп, онда балалар мен ересектерге арналған сабақтар мен тренингтер өткізу жоспарланған.
Музыка және шығармашылық кабинеті де орталықтың маңызды элементі болмақ, мұнда қытайлық қонақтар қазақтың дәстүрлі музыкасы жайында біліп қана қоймай, домбыра мен қобызда ойнау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады. Сондай-ақ, қазақстандық музыканттар мен әртістердің түрлі концерттері өткізіледі.
Кітапхана мен оқу залы қазақстандық авторлардың әртүрлі жанрдағы және түрлі тілдердегі, соның ішінде қытай тіліндегі шығармаларын ұсынады. Орталық экспонаттарының бірі – қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың кітабы. Кітапханада дәрістер, тұсаукесерлер, әдеби кештер ұйымдастырылып, қытайлық аудиторияның қазақстандық әдебиет пен мәдениетке қызығушылығы арттырылады. Сонымен қатар, мұнда «Сандық» мейрамханасы жұмыс істеп, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Орталық қазақ киносы, театры, музыкасы мен өнеріне арналған фестивальдер өткізуге арналған алаң болады. Сонымен бірге, көпфункционалды залдарда конференциялар, дөңгелек үстелдер және симпозиумдар ұйымдастырылмақ.
Татьяна Каукенова Орталықтың университеттер, ғылыми институттар мен шығармашылық мектептер үшін байланыстырушы буынға айнала алатынын атап өтті. «Бұл – бірлескен зерттеулерге, академиялық алмасуларға, жазғы мектептерге мүмкіндік. Қазақ тілі курстары, қолөнер, музыка, би бойынша шеберлік сабақтары сұранысқа ие болады. Дәстүрлі мәдениет те үлкен қызығушылық тудырады: көшпенділер тұрмысы, музыка, айтыс, ат жарыстары. Бірақ қазіргі Қазақстанды да көрсету маңызды – фильмдер, мультимедиялық жобалар, көрмелер. Бұл ел туралы стереотиптерді бұзып, оны қарқынды дамып келе жатқан, өзіндік мәдени коды бар мемлекет ретінде танытады. Тағы бір маңызды бағыт – туризм. Қытай аудиториясы мәдени және экотуризмге белсенді қызығушылық танытып отыр. Визасыз режимді ескере отырып, Қазақстанға туристер легінің өсімі байқалуда, ал Орталық бұл әлеуетті одан әрі аша түседі», – дейді ол.
Орталықтың алдағы жартыжылдық жоспарында – Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығымен бірлескен іс-шаралар, жас кәсіпкерлер, ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің кездесулері бар. Жақын арада Бейжің тілі және мәдениеті университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады.
Қытайдың Орталық Азияға деген қызығушылығы артып келе жатқан қазіргі жағдайда Қазақстанның Ұлттық мәдениет орталығы елдің «жұмсақ күшінің» маңызды құралына айналуда. Ол елдің оң имиджін қалыптастыруға, Қытайдың мәдени және білім беру кеңістігіндегі қатысуын күшейтуге және жастар, зерттеушілер мен туристер үшін жаңа тартылыс орталықтарын жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстан осылайша жаңа белеске көтерілді: енді ол «шикізат жеткізуші» ғана емес, мәдениет пен идеяларды таратушы ел ретінде де танылып, халықаралық аренадағы өзіндік салмағын күшейтіп келеді. Бейжіндегі мәдени орталық – осы стратегиялық қадамның айқын нышаны. Ол мәдениет арқылы сенім көпірлерін орнатып, Шығыс пен Батысты тоғыстырған жаһандық диалогта Қазақстанның орнын бекіте түсуді мақсат етеді.