
Тақия - қазақ халқының ұлттық баскиімдерінің бірі. Ол сәтен, шұға, барқыт сияқты маталардан тігіліп, кестелеу және сыру әдістері арқылы безендіріледі. Қазақ халқында тақияның қолданылу аясы кең болған, әсіресе ер адамдар оны негізгі бас киімнің астынан міндетті түрде киген. Бүгінде оның түрлері сан алуан. Тақияның осы және өзге де ерекшеліктері туралы шебер Аяулым Мұхаметкәрімовамен тілдестік. Ол «Aya Anarbek» брендінің негізін қалап, заманауи үлгідегі авторлық тақиялар жасап, ұлттық өнерді дамытып жүр.
– Аяулым Анарбекқызы, қолөнерге деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Бала кезімнен өнерге деген қызығушылығым болды. 2016-2017 жылдардан бастап бұл бағытқа саналы түрде бет бұрып, киім тігу, тоқу, әшекей-бұйымдар жасау ісімен айналыса бастадым. Әсіресе, «макраме» техникасымен танысу мен үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Жіп арқылы сан алуан бұйым жасауға болатынын түсіндім. Осы тұста мен шығармашылық пен математиканың тығыз байланысты екеніне көз жеткіздім. Әрбір өрнек пен форма нақты пропорция мен есепке негізделеді. Қарапайым жіптің өзі дұрыс есептелмесе, бұйым ойдғыдай шықпайды. Жалпы, өмірдің өзі де математика іспетті, бәрі тепе-теңдік пен үйлесімге құрылады.
Бұл жолда ата-анамның қолдауы мен үшін үлкен демеу болды. Анамның өнерге жақындығы мен ықпалы менің шығармашылыққа деген қызығушылығымның қалыптасуына әсер етті.
2023 жылы муслин матасынан ерлерге және қыз-келіншектерге арналған жаздық шапандар тіге бастадым. Олардың ою-өрнектерін арнайы бояумен қолмен салып, авторлық үлгіде ұсындым. Бұл бұйымдар сұранысқа ие болды. Кейін осы шапандар үшін бас киім жасау идеясы келді. Дәстүрлі тақия түрлері кең таралғандықтан, мен тың үлгідегі тақия жасауды мақсат еттім. Бұрын, 2018-2019 жылдары «макраме» техникасын интернет арқылы өз бетімше меңгеріп, бірнеше туынды жасаған болатынмын. Сол тәжірибемді қайта жаңғыртып, 2023 жылдың күзінде алғашқы тақиямды дайындадым. Қазіргі таңда осы техникамен сәукеле мен шляпалар да жасаймын. 2025 жылдан бастап ілмекпен және бізбен тоқылатын тақияларды үйрендім. Осы бағыттағы жұмыстарымды толықтай авторлық туындылар деп айта аламын. Қазір видеосабақтар түсіріп, шеберлік сағаттар өткіземін. Оқушыларым да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Макраме техникасындағы сәукелелер сән көрсетілімдеріне шығып тұрады.
– Тақияның қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі орны туралы не айта аласыз?
– Ұлттық киім ретіндегі тақияның қазақ халқының тарихында алар орны ерекше. Ол тек қазақ халқына ғана емес, жалпы түркі халықтарына ортақ мұра. Ерте дәуірде тақия, ең алдымен, күннен, суықтан қорғау және ауыр бас киімнің астынан киілетін ыңғайлы бұйым ретінде қолданылған. Сонымен қатар халқымызда «төбең ашық болмасын» деген түсінік қалыптасқан. Осы сенімге байланысты тақия адамды жамандықтан, көз тиюден қорғайтын рухани қорғаныш ретінде бағаланады. Тақияның пішіні күмбезге ұқсас. Тәңіршілдік дүниетанымда ол аспанды бейнелеп, адам мен Тәңір арасындағы рухани байланысты білдіретін символ ретінде қабылданған.
Тақияның әлеуметтік мағынасы адамның қоғамдағы орнын, жас ерекшелігін және мәртебесін айқындайды. Оның түрі мен әшекейіне қарап, иесінің жасы мен әлеуметтік жағдайын білген. Мәселен, бойжеткен қыздың тақиясы әшекейлі келсе, жасы үлкен адамның тақиялары қарапайым, жинақы болған.
Тәрбиелік тұрғыдан алғанда тақия адамды әдептілікке, ұқыптылыққа және ұлттық дәстүрді құрметтеуге баулыған. Әжелеріміздің үнемі «басыңнан тақияңды тастама» деп айтуы осыдан.
– Тақияның түрлері жайлы айтып өтсеңіз.
– Қазақ мәдениетінде тақия адамның жас ерекшелігі мен жынысына қарай жіктеледі. Ерлер тақиясы көбіне қарапайым, қара, көк, жасыл, қою түсті. Ер адамдар тақияны күнделікті тұрмыста да, өзге бас киімнің астынан да киген.
Әйелдер, әсіресе қыздар тақиясы сәнімен ерекшеленеді. Олар моншақ, кесте, алтын-күміс жіптермен безендіріліп, ашық, көз тартар түстермен тігіледі.
Балалар тақиясы шағын, жеңіл және жұмсақ матадан дайындалады. Әдетте түрлі түсті өрнектермен безендіріліп, «балаға көз тимесін, аман болсын» деген ниетпен кигізілген.
Декректерге сүйенсек, Қазақстанның әр аймағында тақияның безендірілуінде өзіндік ерекшелік бар. Шығыста тақиялар жинақы, қарапайым, геометриялық өрнектер жиі қолданылады, түстері де ұстамды келеді. Солтүстік Қазақстанда өте қарапайым, көбіне қою түсті матадан тігілген. Оңтүстікте көбіне ашық түсті, ұсақ әрі нәзік кестелермен тігіледі. Өрнектері гүлге, өсімдікке ұқсас, сәндік жағы басым. Батыс Қазақстанда тақиялар ірілеу, оюы анық, кейде алтын немесе күміс жіппен көмкеріліп келеді. Бұл өңірде салтанатты стиль басымырақ. Жалпы, барлық өңірге ортақ нәрсе – тақияның ұлттық болмысты сақтайтын, әдеп пен мәдениетті көрсететін бас киім болуы.
– Жұмыс процесіне тоқталсақ. Бір тақияға шамамен қанша уақыт кетеді?
– Тақия жасау үшін макраме техникасына арналған арнайы иірімжіптерді және табиғи мақта (хлопок) жіптерін қолданамын. Қазіргі таңда тақияны үш түрлі техникада дайындаймын. Біріншісі – макраме әдісімен өрілетін тақиялар, екіншісі – ілмекпен немесе бізбен тоқылатын үлгілер, үшіншісі – осы екі тәсілді ұштастыра отырып жасалған ерекше туындылар.
Тақияның қалың немесе жұқа болып шығуы тікелей қолданылатын иірімжіптің түрі мен тығыздығына байланысты. Бір тақияны толық аяқтау үшін шамамен 1-2 күн уақыт қажет. Бұл аралықта әр бөлшекке мұқият көңіл бөлінеді.
Көбіне геометриялық және өсімдік тектес оюларға басымдық беремін. Геометриялық ою-өрнектер тепе-теңдікті, сондай-ақ әлемнің құрылымын бейнелейді. Түзу сызықтар мен шеңберлер тұрақтылықты, үйлесімді бейнелесе, өсімдік тектес ою-өрнектер табиғатпен тығыз байланысты аңғартады. Гүл, жапырақ, өркен секілді бейнелер тіршіліктің жалғасуын, жаңаруды және молшылықты меңзейді. Жалпы алғанда, бұл екі ою түрі адамның табиғатпен үйлесімін және рухани тазалықты айқындайды.
– Соңғы жылдары тақияның сән индустриясындағы орны қалай өзгерді?
– Қазір жастар арасында тақияға деген қызығушылық артып келеді. Тіпті, бұрынғымен салыстырғанда сұраныс артқанын байқауға болады. Бүгінде заманауи дизайн үлгісі мен дәстүрлі үлгіні үйлестіру аса маңызды. Себебі, ұлттық нақыштағы киімдер заманауи стильмен ұштасып жатыр.
Бұл бағытқа шетелдік аудитория да қызығушылық танытып отыр. Біздің этно стиль өзіндік ерекшелігімен және терең мағынасымен құнды. Ал, ою-өрнектерді қазіргі сәнмен үйлестіріп, жаңа формада ұсыну өнердің өміршеңдігін дәлелдейді.