Мұхаммед Физулидің өлеңдері қазақ тіліне аударылды

Мұхаммед Физулидің өлеңдері қазақ тіліне аударылды

Салтанатты шара ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Кітап ақынның 22 ғазелінен және 6 хасидінен - 530 өлеңнен тұрады. Аударма жұмысы ақын мұрасын насихаттауда ерекше орын алады. Кітапты Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қоры шығарды.

«Абай, Физули, Низами, Махмуд Қашғари - ортақ түркі мұрасы. Бұл түркі әлемін шынымен дәріптеген ақындар. Мұхаммед Физули – ұлы ақын. Оның ғазелі – поэзиядағы музыка. Ол тілдің сұлулығын көрсете білді. Ол өзінің ұлы поэзиясы арқылы әлем, махаббат, адамгершілік құндылықтар туралы керемет ойларын жеткізген лирик, философ болды. Бұл шығармалар әзірбайжан тілінде бізге, бүкіл әлемге қолжетімді болуы керек. Менің ойымша, біздің ұйым бұл бағытта жұмысын жалғастырады», - деді Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова.



Физули шығыс поэзиясында жан дүниесі бай ақын және махаббат лиригі ретінде танымал. Физули өлеңдерді үш тілде – әзірбайжан, араб және парсы тілдерінде жазған. «Бенг у баде», «Сохбетуль-асмар», «Хафти-джам», «Ләйлі мен Мәжнүн» сөз өнерінің өшпес ескерткіштері болып табылады. Физулидің шығармалары ақынның тірі кезінде, 16 ғасырда Стамбулда, Тебризде, Ташкентте және басқа да ірі қалаларда бірнеше рет басылып шықты.

«Физули үшін сөз жай ғана қарым-қатынас құралы емес, бүкіл жаратылыстың бастауы. Ол өзінің «Ләйлі мен Мәжнүн» поэмасында сөздің өзін жырлады. Ол сөздің ең жоғары мәртебелі болуы мүмкін екенін, егер ол Жаратушының аузынан шықса деп түсіндірді. Сонымен қатар, қандай да бір мәні жоқ бос сөздер де бар. Физулидің шығармаларын оқи отырып, олардан бос ойларды кездестірмейсіз, онда бәрі философиямен терең байланысты. Барлық ақындарда әсіресе есте қалатын әдемі жолдар бар. Олар әдетте ақынды атаған кезде ойға келеді. Алайда, Физулиден қандай да бір нақты жолдарды бөліп көрсету мүмкін емес. Онда бәрі ажырағысыз және терең ойға толы. Физули, Науаи және басқа да ақындар түркі тіліндегі классикалық поэзияның эталонын жасады. 500 жылдан кейін қазіргі ақындар олардың шығармаларына шамшырақ, үлгі ретінде қарайды», - деді танымал әзірбайжан ақыны, сценарийші, жазушы Илгар Фахми.



Физули шығармашылығының шыңы - лирикалық-эпикалық «Ләйлі мен Мәжнүн» поэмасы (1536-1537). Ол «Мәжнүн» («Жынды») деген атқа ие болған Ғейс есімді жас жігіттің сұлу Ләйліге деген махаббаты туралы баяндайды. Поэма 3096 бейттен (шумақтан) тұрады және Османлы билеушісі Үвейс-пашаға арналған. 1907 жылы Өзір Ғажыбеков поэманың желісі бойынша «Ләйлі мен Мәжнүн» атты алғашқы әзірбайжан операсын жазды.

«Физулидің өзі философиясыз поэзияның болуы мүмкін емес екенін айтқан. Оның әрбір сөзі - құлаққа жағымды. Оларда керемет терең философия бар. Ол аспанды қалай суреттейді, жұлдыздарды қалай суреттейді! Оның астрономия, медицина туралы білімі сезіледі. Егер ол бұл мұраны сақтамаса, ол жоғалып кетуі мүмкін деп санады. Ол тіпті өзінің философиялық трактаттарының бірінде ежелгі ойшылдардың көзқарастары мен сенімдерін қысқаша баяндады», - деді Физули шығармашылығын зерттеуші, Низами Гәнжәви атындағы Әдебиет институтының «Әзірбайжан әдебиетінің орта ғасырлары» бөлімінің меңгерушісі Фарида Әзизова.


Кітаптың салтанатты тұсаукесерінде әзірбайжандық және қазақстандық актерлер мен әншілердің орындауында Физулидің шығармалары оқылды. Шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ақындар, аудармашылар мен жазушылар мәдени байланыстарды нығайту үшін бұл аудармалардың маңыздылығы туралы айтты. Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, жаңа кітаптар Қазақстанның барлық кітапханаларында қолжетімді болады.

299
24.09.2024