
Креативті индустрияларды дамыту қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов Қордың өңірлік үйлестірушілерімен және жергілікті атқарушы органдардың креативті индустрияға жауапты өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде өңірлердегі шығармашылық жобаларды қолдау, инвестиция тарту және отандық креативті өнімдерді халықаралық нарыққа шығару мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында өңірлердегі креативті индустрияның әлеуеті, шығармашылық жобаларды қолдау тетіктері және алдағы кезеңдегі бірлескен жұмыс бағыттары қарастырылды. Негізгі назар креаторларға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға, олардың жобаларын нарыққа шығаруға және тұрақты кәсіпке айналдыруға аударылды.
Қор өңірлік креативті индустрияны дамытуда білім беру мен тәжірибелік қолдауды инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықпен ұштастыруды көздейді. Осы мақсатта өңірлерде креаторларға арналған білім беру және акселерациялық бағдарламаларды кеңейту, шығармашылық жобалардың бизнес-моделін жетілдіру және оларды нарық талаптарына бейімдеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Ұлттық қолөнер мектебін» республика көлемінде дамыту мәселесіне басымдық берілді. Бұл бастама дәстүрлі қолөнерді сақтаумен қатар, шеберлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге, ұлттық өнімдердің нарықтағы орнын нығайтуға және қолөнерді табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Өңірлік жобаларды инвестициямен байланыстыру
Креативті жобалардың дамуына серпін беру үшін қараша айында Pitch Day өткізу жоспарланып отыр. Оның аясында өңірлік креаторлар мен кәсіпкерлер өз жобаларын инвесторларға таныстырып, қаржыландыру тарту мүмкіндіктерін қарастырады.
Кездесуде венчурлік қор құру мәселесі де талқыланды. Мұндай қаржылық тетік әлеуеті жоғары шығармашылық жобалардың өсуіне, жаңа өнімдер мен қызметтердің пайда болуына және креативті кәсіпкерліктің дамуына ықпал ете алады.
Халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктері
Отандық шығармашылық жобалардың шетелдік нарықтарға шығуы да негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Осы ретте KOCCA және FosterBridge ұйымдарымен серіктестік аясындағы мүмкіндіктер қарастырылды. Халықаралық ынтымақтастық өңірлік креаторлардың тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестер табуына және өз өнімдерін шетелдік аудиторияға ұсынуына жол ашады.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірлердегі креативті индустрияны дамытуға бағытталған бірлескен жұмыстың басымдықтары айқындалды. Алдағы кезеңде білім беру бағдарламаларын кеңейту, инвестиция тарту, креативті хабтардың әлеуетін тиімді пайдалану және халықаралық байланыстарды нығайту арқылы өңірлік шығармашылық жобалардың тұрақты дамуына жағдай жасау көзделіп отыр.