«Астана Опера» театрында «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасы өтеді

«Астана Опера» театрында «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасы өтеді

Кейбір оқиғаны тек махаббат хикаясы деп баяндау мүмкін емес. Өйткені оның астарында ел басынан өткен қасірет те, соғыс та, сатқындық та, үміт те, адам тағдыры арқылы ашылатын тұтас дәуірдің шындығы да жатады. «Астана Опера» сахнасында 21 және 22 мамыр күндері премьерасы өтетін «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы дәл осындай терең әрі күрделі тақырыпқа құрылған.

Қойылым Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай көрерменге жол тартады. Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Алайда бұл театр маусымындағы кезекті премьера ғана емес. «Қыпшақ қызы Аппақ» – әйел тағдыры арқылы халық тағдырын, жеке мұң арқылы тарихи сананың терең қатпарларын көркем пайымдауға ұмтылған ірі сахналық туынды.

Операға Ғабит Мүсіреповтің белгілі драмасы арқау болған. Дегенмен авторлар шығарманы сахнаға сол күйінде көшіру жолын таңдамаған. Композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтар, либретто авторы Тілеуғазы Бейсембек, қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе және қойылымның музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдин адам жанының нәзік драмасы мен кең тынысты эпикалық оқиғаны қатар өрген көпқабатты көркем дүние ұсынып отыр.

Операдағы бір арна көрерменді ұлы әзербайжан ақыны Низами Гәнжауи әлеміне жетелейді. Оның өміріне тұтқынға түскен қыпшақ аруы Аппақ енеді. Дербент билеушісі оны ақынға бағалы тарту ретінде ұсынады. Бірақ бұл хикаяда Аппақ әлдекімнің сыйы күйінде қалмайды. Ол Низами үшін тағдырға, сынаққа, ішкі сәулеге, ақынды өзге мәдениетпен, өзге қасіретпен, өзге шындықпен табыстыратын ерекше рухани күшке айналады.

Екінші арна соғыс әлемін ашады. Мұнда билік үшін тартыс та, астыртын айла да, опасыздық та, бір дұшпандықтың келесісін туғызатын тұйық зорлық шеңбері де бар. Алайда жаңа операның басты салмағы күштердің сыртқы қақтығысында емес. Ең маңыздысы – Аппақтың жеке тағдыры бірте-бірте халықтық трагедияға ұласуында. Оның туған даласына деген сағынышы, ата-баба аманатына адалдығы, ішкі парасаты әлсіздік емес, керісінше, күйреуді тоқтатуға ұмтылған қуатты рух ретінде көрінеді.

Сондықтан қойылымдағы Аппақ бейнесі сұлулықтың немесе азаптың үйреншікті сахналық символымен шектелмейді. Ол тек тұтқын емес, тек шабыт иесі емес, тек махаббат желісінің кейіпкері де емес. Оның болмысында нәзіктік пен қайсарлық, қасірет пен қадір-қасиет, жеке сезім мен ел алдындағы жауапкершілік қатар тоғысқан. Татарстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Панджавидзе бастаған шығармашылық топ кейіпкерлерді біржақты көрсетуге бармаған. Бұл спектакльде салтанатты бейнелерден гөрі, тағдырлы таңдау алдында тұрған адамдар бар.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серікжан және Әліби Әбдінұровтар үшін бұл опера – үлкен опералық формадағы алғашқы тәжірибе. Премьераның ерекше қызығы да осында, жаңа музыканың шынайы қуаты қағаз бетінде емес, сахнада – оркестрдің, хордың, солистердің және залдың жанды тынысында сыналады.

Қойылымның музыкалық ауқымын «Астана Опера» ұжымы айқындайды. Музыкалық жетекші – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин. Симфониялық оркестрдің пультінде қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров тұрады. Оркестрмен сондай-ақ ассистент, «Құрмет» орденінің кавалері Рүстем Баймурзин жұмыс істейді.

Спектакльде хордың орны айрықша. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов пен хормейстерлер Дамир Мусин және Ержан Сансызбаевтың жетекшілігіндегі хор мұнда жай музыкалық сүйемел емес, драматургияның толыққанды бөлігіне айналады. Мұндай шығармада хор – уақыттың, халықтың, ішкі толғаныстың үні. Әлия Ахметова мен Шолпан Ахмеджанова жетекшілік ететін балалар хоры қойылымға бөлек эмоциялық реңк қосады.

Операның көркемдік әлемі де ерекше мәнге ие. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, суретшілер Сәния Тасмағамбетова мен Павел Драгунов жасайтын декорациялар мен костюмдер сахнаның сыртқы безендірілуі ғана емес, оқиғаның өзін тереңдететін көркем тіл ретінде қызмет етеді. Дала мен сарай кеңістігі, рухани тамыр мен соғыс шындығы бетпе-бет келетін спектакльде визуалды шешім баяндаудың маңызды құралына айналады. Жобаның техникалық тұтастығына Виктор Караре жауап береді. Оның міндеті – музыка, жарық, сценография, сахналық қозғалыс, хор мен оркестрді біртұтас сахналық тынысқа біріктіру.

Репетиции «Аппак – дочь Кыпчакская»

Қазір «Астана Операның» сахна сыртында көрермен әдетте көре бермейтін костюм өлшеу, сахналық, оркестрмен дайындық, мизансценаларды нақтылау, техникалық шешімдерді пысықтау секілді күрделі жұмыстар қызу жүріп жатыр. Дәл осы көзге көп түсе бермейтін шығармашылық шоғырлану мен ішкі ширығудың ішінде тоғыз көріністен тұратын, театр репертуарындағы ең күрделі қойылымдардың бірі біртіндеп қалыптасып келеді.

Аппақ бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Назым Сағынтай және Ұлпан Әубәкірова сомдайды. Низами партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Рамзат Балакишиев, Талғат Аллабиринов және Саян Исин орындайды. Қойылымға сондай-ақ Талғат Галеев, Расул Жармағамбетов және Дінмұхамед Көшкінбаев, Саргис Бажбеук-Меликян және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Жанат Шыбықбаев қатысады.

Дегенмен бұл спектакльдің бүкіл күрделілігі сахна сыртында қалуға тиіс. Көрермен үшін ең маңыздысы – соғыс даналықпен, билік адамдық қадір-қасиетпен бетпе-бет келетін, ал махаббат жеке сезім аясынан шығып, бейбітшілікке бастайтын жолға айналатын оқиғаны сезіну.

«Қыпшақ қызы Аппақ» өткенге үңіледі, бірақ құрғақ тарихи көрініс болып қалмайды. Бұл – зорлықтан рухтың биік, соғыс шуынан бір әйелдің үні асқақ шығуы мүмкін екенін айтатын шығарма. Сондықтан жаңа операдағы Низамиді тербеген дала қызы тек шабыт бейнесі ғана емес, сыйға тартуға да, тартып алуға да, тұтқындауға да көнбейтін ішкі еркіндіктің символы ретінде көрінеді.

«Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасы 21 және 22 мамыр күндері «Астана Опера» сахнасында өтеді. Спектакльдер сағат 19:00-де басталады.

Репетиции «Аппак – дочь Кыпчакская»


277
16.05.2026