
11-12 наурыз күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасының премьерасы өтеді.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева. Қоюшы суретші және костюм бойынша суретші – Шынар Елембаева. Пластика режиссері – Асан Борончиев, хореограф – Карина Джиренбаева, дыбыс режиссері – Қарлығаш Матақова, жарық суретшісі – Азамат Бекбембетов.
Қойылымның өзегінде – адам жанының терең иірімдері, жалғыздық табиғаты және адамдар арасындағы көзге көрінбейтін байланыстар туралы толғам жатыр. Спектакль ер мен әйелдің күрделі қарым-қатынасын арқау ете отырып, жақындық сәттерінде де әр адамның өзіне ғана тән ішкі әлемі сақталатынын көрсетеді.
Қойылым авторлары адам жаны, жады және адамның өзгенің жүрегінде қалдыратын рухани ізі тақырыбына назар аударады. Көрерменге сахналық шешім арқылы нәзік сезімдер, жан толқынысы, тұлғаның ішкі сәулесі және сол сәуленің өзге тағдырларда жалғасуы туралы ой ұсынылады.
Спектакльдегі басты рөлдерді екі құрамда Арай Омарова, Бегімнұр Қалила, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Қобыланды Болат, Қайыржан Сәдіков және Ерғұлан Жанпейісов сомдайды.