Қазақстандық FORTE TRIO Болгарияда мерекелік концерт берді

Қазақстандық FORTE TRIO Болгарияда мерекелік концерт берді

Қазақстанның FORTE TRIO мемлекеттік триосы Софияда Республика күні мен ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған концерттік бағдарламасын ұсынды. Өнер кеші Болгария астанасындағы тарихи-мәдени орындардың бірі – Орталық әскери клубта өтті.

Сахнада Қазақстанның белгілі музыканттары – пианист Тимур Урманчеев, скрипкашы Мақсат Жүсіпов және виолончельші Мұрат Нарбеков өнер көрсетті. Олардың орындауында Еуропа классикасы мен қазақтың ұлттық музыка өнерінің таңдаулы туындылары орындалды.

Концерт бағдарламасына Феликс Мендельсонның до минордағы № 2 фортепианолық триосы, Астор Пьяццолланың «Invierno Porteño» және «Primavera Porteña» шығармалары, А. Толықпаев өңдеген «Япурай» қазақ халық әні, сондай-ақ «Кероғлы» мен «Ән шашу» туындылары енді.

Концертті Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі ұйымдастырды. Қонақтар қатарында Болгарияның мемлекеттік органдары мен парламентінің, дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Жиында Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев пен Болгария Сыртқы істер министрінің орынбасары Христо Полендаков құттықтау сөз сөйледі. Олар екі ел арасындағы достық байланысты жоғары бағалап, ынтымақтастықты, соның ішінде мәдениет саласындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

13
25.10.2026