Жұмат Шанин: Кәсіби қазақ театрының темірқазығы

Жұмат Шанин: Кәсіби қазақ театрының темірқазығы

Қазақ театр өнерінің тарихы Жұмат Шанин есімімен тығыз байланысты. Ұлттық сахнаның негізін қалаған қайраткер, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, драматург, актер әрі ұстаз ретінде тұтас бір өнер мектебін қалыптастырды. Оның өмір жолы қазақ мәдениетінің өркендеу жолындағы жанкешті еңбектің жарқын үлгісі. Саңлаққа ғана қонатын саф өнердің жүгін арқалаған қайраткер қазақ мәдениеті мен театр өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі ретінде тарихта қалды.

Жұмат Шаниннің театр әлеміне келуі ХХ ғасырдың 20-жылдарымен тұспа-тұс келеді. Бұл кезең Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде күрделі өзгерістер жүріп, ұлттық мәдениет пен өнерді жаңғырту қажеттілігі айқын сезілген уақыт еді. Жұмат Шанин қазақ драматургиясын дамытуға күш салып, халық ауыз әдебиеті мен фольклорлық мұраны, тарихи эпостарды шығармашылық жұмысының өзегіне айналдырды.

1920 жылы Семей қаласында «Ес-аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік жолын дәл осы ұжымнан бастаған Шанин халық жырының желісімен жазылған өзінің режиссура саласындағы алғашқы еңбегі «Арқалық батыр» және Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасын сахналады. Өзі Арқалық батырдың және Еркебұлан рөлдерін сомдады. Ал оның «Торсықбай» атты бір бөлімді комедиясы 1925 жылы Семейде жарық көрген «Таң» журналында жарияланды.

1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылорда қаласында Қазақ драма театрының шымылдығы түрілді. Алғашқы қойылымдар қатарында Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» мен Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінділер ұсынылды. Бұл қазақ өнері тарихындағы аса маңызды оқиға еді. Жұмат Шанин осы театрдың алғашқы режиссерлерінің бірі болды. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаевпен бірге ұлттық театрдың қалыптасуына еңбек сіңірді. 1926 жылдың 5 қазанынан бастап ресми түрде театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашты.

1927 жылы Мәскеуде өткен этнографиялық концертке театр әртістері мен өнер шеберлерінен құралған делегацияны бастап барып, үлкен табыспен оралды. Осы сапардан кейін Әміре Қашаубаевтың Париж сахнасында өнер көрсетуіне мүмкіндік туды. Жұмат Шанин 1932 жылы Қырғыз драма театрының бас режиссері қызметіне ауысқанға дейін қазақ театрының өркендеуіне ауқымды еңбек сіңірді. Оның режиссерлік қолтаңбасы ұлттық дәстүр мен заманауи театрлық ізденістердің үйлесімімен ерекшеленді. Қазақ фольклорының көркемдік қуатын сақтай отырып, еуропалық театр мектебінің әдіс-тәсілдерін шебер пайдаланды. Сахналық декорация, костюм және жарықпен жұмыс істеудің жаңа үлгілерін енгізіп, қазақ театрының көркемдік деңгейін жаңа белеске көтерді.

Ел құлағы «театр» ұғымына әлі толық үйрене қоймаған кезеңде ұлттық сахна өнерінің тізгінін ұстау оңай болған жоқ. Драматургия жанры енді ғана қалыптасып жатқан тұста жаңа қойылымдар әзірлеу, көрермен тәрбиелеу және кәсіби театр мектебін қалыптастыру Жұмат Шаниннен ерекше табандылық пен шығармашылық ізденісті талап етті.

Ол тек режиссер ғана емес, қазақтың алғашқы кәсіби актерлерін тәрбиелеген ұстаздардың бірі болды. Жас таланттарға бағыт-бағдар беріп, олардың шығармашылық тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасады. Оның тәлімін алған көптеген өнерпаз кейін қазақ театры мен киносының көрнекті тұлғаларына айналды.

Жұмат Шанин театр жұмысын жүйелі жоспарлау мен сапалы репертуар қалыптастыруға ерекше мән берді. Тәрбиелік және идеялық-көркемдік деңгейі жоғары шығармалардың сахнадан орын алуын қадағалап отырды. Бұл мәселелер оның «Қазақтың мемлекеттік театры», «Мемлекет театрының артистері», «Қазақстан мемлекеттік театры», «Театр тарихынан», «Сахна техникасын меңгерейік», «Сахнада шындықты тану» әр жылы баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында жан-жақты қамтылған.

Ұлттық театр өнерін дамытудағы еңбегі жоғары бағаланып, 1931 жылы алғаш рет берілген «Қазақ КСР-ның халық әртісі» атағына ие болғандардың қатарынан көрінді. Бұл атақ тұңғыш рет Жұмат Шанинге және Елубай Өмірзақовқа табысталды.

Кейіннен 1932-1933 жылдары қазіргі Қырғыз мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері қызметін атқарды. Сондай-ақ 1934 жылы ашылған музыкалық театрдың (қазіргі Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, Құрманбек Жандарбековпен бірге Евгений Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек» және «Ер Тарғын» операларын сахналады.

Жұмат Шаниннің өмірі өнерге деген адалдықтың жарқын үлгісі болды. Жары Жанбике Шанинамен бірге 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысу үшін жолға шығады. Сапар барысында олардың ұлы Аян шетінеп кетеді. Осынау қайғылы жағдайға байланысты үлкендер Жұмат пен Жанбикеге баланы жерлеу үшін елге қайтыңдар дейді. Сонда Жұмат Шанин: «Өлер бала өлді, бала біздікі, бірақ қазақ өнері өлмесін» деп, ел игілігі жолындағы жауапкершілікті бәрінен жоғары қояды. Баласын Мәскеудегі мұсылмандар зиратына жерлеп, мәдени шараға қатысады. Сол күндері мәскеулік көрермендерге Жұмат Шаниннің режиссурасымен қойылған «Жалбыр» мен «Қыз Жібек» опералары ұсынылды. Әсіресе, Қыз Жібек бейнесіндегі Күләш Байсейітова мен Қамқа рөліндегі Жанбике Шанинаның өнері көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Перзентінен айырылған ананың жүрек қасіреті Қамқа бейнесі арқылы сахнадан шынайы көрініс тапты.

Бүгінде Жұмат Шанин есімі қазақ театр өнерінің алтын қорынан берік орын алған. Оның атымен Шымкент қаласындағы академиялық қазақ драма театры аталады. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде Жұмат Шанин атындағы мектептер мен көшелер бар. Бұл ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаға көрсетілген құрметтің айғағы.

288
25.06.2026