Қайырымдылық күні – ізгілікті ұлықтайтын маңызды бастама

Қайырымдылық күні – ізгілікті ұлықтайтын маңызды бастама

Наурызнама онкүндігінің маңызды күндерінің бірі – Қайырымдылық күні. Мейірім мен жанашырлықты дәріптеп, қоғамда қамқорлық пен ізгілік мәдениетін нығайтуды мақсат ететін мереке.

2026 жыл Қазақстанның бастамасымен БҰҰ аясында «Халықаралық волонтерлер жылы» деп жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бұл саладағы белсенділігін қолдау қажетін үнемі айтып келеді.

Мерей Сағадатұлы – қайырымдылық пен волонтерлікті өмірлік ұстанымына айналдырған сондай белсенді жастардың бірі. Жас волонтермен Наурыз мерекесіндегі қайырымдылықтың мәні, еріктіліктің қоғамдағы орны және жастардың бұл салаға келуі туралы сұхбаттастық.

– Мерей мырза, әңгімені өзіңізден бастасақ. Волонтерлікпен қашаннан бері айналысасыз?

– Мен Ақтөбе облысы Алға ауданы Үшқұлық ауылының тумасымын. Еріктілік жолым осыдан 4 жыл бұрын Ақтөбе қаласында басталды. Бұл менің өмірімдегі ең маңызды бетбұрыстардың бірі болды. Сол кезде мен білім алған Назарбаев Зияткерлік мектебіне БҰҰ-ның халық қоныстандыру саласындағы қорының ерікті тренерлері келіп, ақпараттық тренинг өткізді. Сырттай қарағанда бұл жай ғана кездесу сияқты көрінуі мүмкін, бірақ дәл сол тренинг менің дүниетанымыма үлкен әсер етіп, тұлғалық дамуымның берік негізін қалады. Осы кездесуден кейін мен еріктіліктің мәнін тереңірек түсіне бастадым. Сол уақыттан бастап Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті аумағында орналасқан Y-PEER еріктілер желісінің филиалында волонтерлік қызметтің негіздерін меңгеріп, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған ақпараттық кездесулер мен тренингтер өткізу жұмыстарына қатыстым. Осылайша, менің еріктілік жолымның алғашқы баспалдағы ақпараттық еріктілік болды. Бұл бағыт маған адамдармен еркін сөйлесуді, қоғамға пайдалы ақпарат жеткізуді, жауапкершілікті сезінуді және әр адамның мәселесіне бейжай қарамауды үйретті.

– Волонтер болуға не итермеледі?

– Мектеп қабырғасында-ақ қайырымдылық акцияларымен айналыса бастадым. Бұл мен үшін еріктіліктің жаңа қырын ашты. Егер ақпараттық бағытта адамдарға пайдалы мәлімет беріп, олардың ой-санасына әсер ету маңызды болса, қайырымдылық саласында нақты көмек көрсету, жанашырлық таныту, мұқтаж жандарға қолдау білдіру алдыңғы орынға шықты. Сол кезеңде мен бір маңызды нәрсені түсіндім. Жақсылық жасау үшін үлкен мүмкіндік немесе мол қаражат міндетті емес. Кейде шынайы ниет, қарапайым қамқорлық пен уақыт бөлу – ең үлкен көмек.

Осы тәжірибелер мені еріктілік туралы терең ойландырды. Бастапқыда мен оны белгілі бір бағыттармен байланыстырып түсінсем, уақыт өте келе еріктіліктің тұтас ұғым екенін ұқтым. Иә, оның ақпараттық, әлеуметтік, экологиялық, қайырымдылық секілді түрлері бар. Бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ өзек – адамға қызмет ету, қоғамға пайда әкелу және мұқтаж жанға демеу болу. Сондықтан мен үшін еріктілік – белгілі бір саламен шектелетін жұмыс емес, бұл – өмірлік ұстаным.

– Қайырымдылық жасаудың ең маңызды құндылығы неде деп есептейсіз?

– Меніңше, қайырымдылық жасаудың ең маңызды құндылығы – адамгершілік пен жанашырлық. Қайырымдылық адамдарды бір-біріне жақындатып, өзара сенім мен мейірімділікті күшейтеді. Ол тек көмек көрсету ғана емес, сонымен бірге адамның бойындағы рухани құндылықтарды тәрбиелейді. Себебі жақсылық жасау – қоғамды ізгілендіретін үлкен күш.

– Сіздіңше, Наурыз мерекесінде қайырымдылық жасаудың символдық мағынасы қандай?

– Наурыз мерекесінде қайырымдылық жасаудың мағынасы тіпті ерекше деп ойлаймын. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, мейірім мен бірліктің, татулық пен берекенің мерекесі. Осындай күндері қайырымдылық жасау арқылы біз тек көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамдағы өзара қолдау мен жанашырлық мәдениетін нығайтамыз. Қазақ халқының дәстүрінде Наурыз – адамдардың өкпе-ренішін ұмытып, бір-біріне ізгі тілек айтып, жақсылықпен қауышатын кезең. Сондықтан Наурыздағы қайырымдылық – жаңа кезеңді ізгі іспен бастау, айналаңа жылулық сыйлау деп түсінемін.

– Биыл Волонтерлер жылы. Айтулы жылға қатысты ойыңыз қалай?

– Өте қуаныштымын. Бұл салаға қанша көңіл бөлініп, қолдау көрсетілсе де артық етпейді деп ойлаймын. Жалпы, еріктілік жолы мені тек қоғамға пайдалы болуға ғана емес, өзімді де тәрбиелеуге үйретті. Бұл жолда мен сабырлылықты, жауапкершілікті, көшбасшылықты, адамдармен тіл табысуды және командамен жұмыс істеуді үйрендім. Ең бастысы – еріктілік маған адам тағдырына бейжай қарамауды үйретті. Бүгінде мен еріктілікті жай ғана қоғамдық жұмыс деп емес, адамның ішкі мәдениеті мен саналы ұстанымының көрсеткіші деп қабылдаймын. Себебі ерікті болу – бұл тек көмек көрсету емес, бұл – қоғамның дамуына өз үлесіңді қосу, айналаңа үміт сыйлау, жақсылықты көбейту.

243
15.03.2026