«Астана Опера» шеберханаларында көне дәуір жаңғырады

«Астана Опера» шеберханаларында көне дәуір жаңғырады

«Томирис» балетінің премьерасына санаулы күн қалды. Көне тарих қазір дайындық залдарында ғана емес, театр шеберханаларында да қайта жанданып жатыр. Мата мен ағаш, металл мен жарық, көрерменнің көзіне бірер сәтке ғана шалынуы мүмкін ондаған ұсақ бөлшектен көне дәуірдің көрінісі біртіндеп құралып келеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 26-27 қарашада «Астана Опера» сахнасында өтетін премьераға жүздеген костюм мен мыңға жуық сахналық бұйым әзірленуде. Тігін шеберханаларында сақ патшайымы мен жауынгерлерінің, парсы әскерінің киімдері тігілсе, бутафория цехында біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдың тыныс-тіршілігін сахнада бейнелейтін заттар жасалып жатыр.

Бүгінде бутафория цехы шынымен де сонау көне заманның шеберханасын еске түсіреді. Мұнда құрт пен түрлі түсті дәмдеуіштер салынған дорбалар, құмыралар, сандықтар, кептірілген өрік толы қораптар тұр. Әр бұйымның өз тарихы бардай әсер қалдырады.

– Шеберлеріміз сахналық бұйымдарды ұзақ жыл бойы бастапқы қалпын жоғалтпай, кәдеге асатындай етіп жасауға тырысады, – дейді театрдың суретші-бутафоры Іңкәр Ахметова кептірілген өрік салынған қорапты көрсетіп. – Өрік қағына ұқсатып жасалған бұйымдардың бір бөлігін қақпаққа ыстық желіммен бекіттік. Төңкерсеңіз де, орнынан қозғалмайды. Бұл тәсілді цехымыздың шеберлері өздері ойлап тапқан.

Мұнда сақ және парсы жауынгерлерінің сауыт-сайманы, сәндік шамдар мен бақсылардың бас киімдері де жасалуда. Бас киімдерді әзірлеу үшін бірнеше кезеңнен тұратын жұмыс атқарылған: әуелі пенопласттан негізін жасап, сыртын папье-машемен қаптаған. Содан соң бетін тегістеп, алтын түске бояп, өрнек түсірген.

– Бұдан кейін бетін потальмен, яғни алтын түстес жұқа металл жапырақшаларымен әрледік. Сахна жарығы түскенде ол құбылып, нағыз алтындай жарқырайды, – дейді Іңкәр Ахметова.

Атқарылған жұмыстың ауқымын сандардың өзі-ақ аңғартады. Шағын сахналық бұйымдардың өзі мыңға жуықтайды: 30 құмыра, 60-қа жуық қылыш, 50-ден астам қалқан, 60 шақты найза және басқа да көптеген зат дайындалған.

Тігін цехының жұмыс ырғағы өзгеше болғанымен, мұнда да қарбалас. Бұл жерде тарих ине ұшында өріліп жатыр. Премьераға 256 костюм тігіліп, әр әртіс киімін кемінде үш рет киіп көреді. Ең бастысы – сахналық бейненің айбарын сақтай отырып, бишілердің еркін қимылдауына мүмкіндік беру.

– Барынша жеңіл әрі сапалы маталарды қолдануға тырысамыз. Арнайы өңдеуден кейін олардан тігілген киім сырт көзге ауыр әрі қалың болып көрінеді. Мысалы, сұр түсті костюмдердің бірі темір сауытқа ұқсайды, ал шын мәнінде өте жеңіл, – дейді цех меңгерушісі Айжан Шаукенова.

Шеберлер жарықдиодты шамдар орнатылған сахналық киімдер де әзірлеп жатыр.

– Мұндай киімді алғаш рет жасап отырмыз. Жалпы, бұл техникалық жағынан да қызықты, ауқымды қойылым болмақ, – деп толықтырды ол.

Томиристің бейнесіне айрықша мән берілген. Кейіпкердің жан дүниесіндегі өзгерістер бес түрлі костюм арқылы көрініс табады.

– Балет басында ол халқының алдына ақ көйлекпен шығады. Ұлы мен күйеуінен айырылғаннан кейін қайғысын аңғартатын киім киеді. Одан кейінгі костюмі оның жалғыздығы мен қорғансыз халін сездірсе, келесісі қайта жігерленіп, күш жинаған шағын танытады. Ал қойылым соңында жеңіске жеткен Томирис ұлттық киіммен шығады, – дейді театр технологі Айгүл Рыспаева.

Сахналық безендіру де осы көркемдік ұстаныммен сабақтас. Жапон суретшісі Йоко Сеяма көне дүниені қаз-қалпында қайта жасауды мақсат етпейді. Ол тарихи шындыққа сай әрі қазіргі театр өнерінің сипатын сақтайтын сахналық орта құруды көздейді.

– Заманауи театрдың көркемдік тәсілдері көне дүниенің болмысын жоғалтпай, оған жақындай түсуге көмектесетініне сенімдімін. Мен үшін тарихи көріністі егжей-тегжейіне дейін қайталап шығу ғана емес, осы оқиғаның рухына сай, көрерменді шынайылығына сендіретін орта жасау маңызды. Өткен дәуірді жай ғана тарихи сурет күйінде қалдырмай, көрерменге сол оқиғаларды өзі бастан кешкендей әсер сыйлайтын поэтикалық орта қалыптастырғым келеді, – дейді Йоко Сеяма.

Қойылымның музыкасы да осы ұстаныммен жазылған. Мұндағы мақсат – сақ дәуірінің әуенін сол қалпында қайталау емес, тарихи бейне мен бүгінгі тыңдарманның қабылдауын тоғыстыратын өзіндік үн табу.

Композитор Хамит Шаңғалиевтің айтуынша, бұл жұмыстың ең күрделі тұстарының бірі болған.

– Тек симфониялық оркестрдің аспаптарын қолдансақ, музыка еуропалық сипатқа ауып кетеді. Ал түгелдей ұлттық аспаптарға сүйенсек, фольклорлық бояу тым басым болады. Сондықтан түрлі тәсілді байқап, көп тәжірибе жасадық. Партитурада қазақ даласының сарыны да, заманауи музыканың өрнектері де бар, – дейді ол.

Музыка қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмармен бірлесе отырып жазылған.

– Сұлтанбек аптасына бір-екі рет келіп, ойларын ортаға салатын. Мен музыканы қосамын, ол би қимылдарын көрсетеді. Сөйтіп, әуен мен қимылдың қаншалықты үйлесетінін бірден байқайтынбыз. Бізбен бірге музыкалық редактор әрі әрлеуші Әлібек Әлпиев те жұмыс істеді. Ол музыканы жетілдіруге көмектесіп, үнемі пікірін айтып отырды.

Қойылымға «Астана Операның» солистері мен кордебалет әртістері қатысады. Томирис партиясын София Әділханова мен Торғын Лебен, Спаргапис партиясын Досхан Зәйдін мен Ислам Қайыпбай орындайды. Кир бейнесін Айдан Қалжан мен Жақсылық Сауқымбеков сомдайды. Жақсылық Сауқымбеков премьераның алғашқы күні Томиристің күйеуі Рустам баһадүрдің партиясын да орындайды. Екінші күні бұл рөлде Амир Хван өнер көрсетеді. Арнава партиясына Алина Зырянова мен Лимара Айдарова дайындалып жүр. Марту бейнесін Лимара Айдарова мен Амина Кисембаева, бақсыларды Ерсұлтан Тойғұлов, Нұрлытаң Руслан және Абай Юсупов сомдайды.

София Әділханова үшін Томирис партиясының өзегі – кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалыс.

– Қойылымдағы әр оқиғаның мәнін түсініп, оның тарихы мен ауқымын сезіне білу өте маңызды. Кейіпкердің жан толғанысын жеткізу оңай емес. Әсіресе, Томирис пен оның ұлы бірге шығатын көріністер маған айрықша әсер етеді. Мұнда оның алаң көңілін, қайратын, төзімі мен ержүректігін шынайы көрсету керек. Мен үшін Томирис – жауынгерлік ерлігімен де, қайсар болмысымен де дараланған әйел. Жақындарынан айырылып, тағдырдың ауыр соққыларын бастан өткергеннен кейін қайтадан өмірге ұмтылып, халқын соңынан ерту үшін орасан зор рух күші қажет.

Торғын Лебен үшін бұл рөл шығармашылық жолындағы елеулі белес болмақ.

– Мен үшін Томирис – тарихи тұлға ғана емес, азаттық пен қайсарлықтың символы. Осы партия арқылы өзімді жаңа қырымнан танытып, көрерменге оның рухын сезіндіргім келеді. Бұл рөл үлкен күш пен төзімділікті қажет етеді. Сонымен бірге кейіпкердің жан дүниесіне терең бойлап, іштей дайындалудың да маңызы зор. Мен оның батылдығы мен берік мінезін таныта отырып, әйелдік болмысын, аналық мейірімін, жанының нәзік тұстарын да жеткізуге тырысамын, – дейді әртіс.

Әзірге болашақ қойылымның әр бөлшегі әр жерде: костюмдер тігін цехында ілулі тұр, сахналық бұйымдар шеберханаларды толтырған, дайындық залдарында музыка ойнап, әртістер өз кейіпкерлерінің болмысын ашуға ұмтылып жүр.

Санаулы күннен кейін осының бәрі сахнада тоғысады.

Сөйтіп, Томирис туралы көне тарих мұражайдағыдай өткен дәуірдің көрінісі күйінде қалмай, заманауи балет сахнасында қайта жанданады.

372
18.11.2026