
10 ақпан күні сағат 19:00-де Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында көрнекті қазақстандық композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Сәлем саған, туған ел» музыкалық кеші өтеді.
Концерт композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылады. Концерттік бағдарламада Кеңес Дүйсекеевтің тыңдарманға кеңінен танымал әрі сүйікті шығармалары орындалады. Атап айтқанда, «Сәлем саған, туған ел», «Ойлайсың ба, жаным», «Домбыра туралы баллада», «Өкінбе сен», «Ғашықтар жыры», «Қарағым-ай», «Анаға хат» және отандық музыкалық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған өзге де туындылар ұсынылады.
Музыкалық кешке «Қазақконцерттің» солистері мен шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады. Кештің арнайы қонақтары қатарында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің кавалері Ержан Исин, сондай-ақ Ресейдің халық әртісі, дирижёр және джаз пианисі, «Фонограф-Симфо-Джаз» оркестрінің жетекшісі Сергей Жилин бар.
Кеңес Дүйсекеев – ұлттық музыкалық дәстүрлер мен заманауи көркемдік ойлауды үйлестіре білген қазақстандық композиторлық мектептің көрнекті өкілдерінің бірі. Оның шығармалары қазақ өнерінің алтын қорына енген.