
Алматыда «Астана Балет» театрының дәстүрлі гастролі өтті. Almaty Theatre сахнасында елордалық ұжым таңдаулы қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Барлық спектакль аншлагпен өтіп, қазақстандық заманауи балет өнеріне көпшіліктің қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.
Гастроль бағдарламасы екі актілі «Қос кілем» балетімен ашылды. Қойылым ширван кілемі туралы көне әзербайжан аңызының желісімен сахналанып, махаббат, сағыныш, тағдыр мен адам болмысы тақырыптарын арқау етеді.
Қойылымның көркемдік ерекшелігі алматылық көрерменге ерекше әсер сыйлады. Жобаның либретто авторы әрі идея жетекшісі – Валерий Копейкин, қоюшы-режиссері әрі хореографы – Александр Могилев.
Сондай-ақ, көрерменге «2025 жылдың үздік қойылымы» атанған «Carmina Burana» балет-кантатасы ұсынылды. Балет, хор, оркестр және опера өнері үндескен сахналық туынды адам болмысы, махаббат және жан азабы тақырыптарын қозғады.
Спектакльдің қоюшы хореографтары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мукарам Абубахриева мен Тимур Загидуллин. Музыкалық сүйемелдеуді бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен оркестр, хор және солистер орындады. Қойылымға опера солистері Әділ Сұлтан, Талғат Аллабиринов, Фируза Рахметова, сонымен бірге, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Темірбекованың жетекшілігіндегі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының хоры қатысты.