
«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен театр солисі София Әділханова Ұлыбританияның British Festival Ballet балет труппасының Финляндиядағы гастрольдік сапарына қатысуға шақырылды.
Қазақстандық әртістерге Петр Чайковскийдің әйгілі «Аққу көлі» балетіндегі басты партиялар сеніп тапсырылды. Еркін Рахматуллаев ханзада Зигфридтің, ал София Әділханова Одетта мен Одиллияның партияларына бекітілді.
20-25 қазан аралығындағы гастрольдік бағдарлама Финляндияның төрт ірі мәдени орталығын қамтыды. Қойылымдар Лахтидегі Сибелиус концерт залында, Туркудегі «Логомо» мәдени орталығында, Хельсинкидегі «Финляндия» концерт залында және Ювяскюлядағы «Павильонки» орталығында жоспарланды.
Еркін Рахматуллаев үшін бұл шақырту халықаралық шығармашылық жолының жалғасы болды. Ол бұған дейін Италия, Испания, Словения, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Қытай және өзге де елдердің сахналарында өнер көрсеткен.
София Әділханованың классикалық репертуары да мол. Ол «Щелкунчик», «Бақшасарай бұрқағы», «Спартак», «Баядерка», «Сильфида» балеттерінде, сондай-ақ «Кармен», «Кіші өлім» және «Шопениана» қойылымдарында жетекші партияларды орындаған.