Шара ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің, халықтардың бірлігі мен достығының көрінісіне айналды. Концерттік бағдарламаға 60-қа жуық әртіс қатысты.
Ансамбль екі бөлімнен тұратын бағдарлама ұсынды. Біріншісі – «Қазақ биінің алтын қоры». Оған Қазақстанның халық әртістері – елдің бірінші кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров, профессор, балетмейстер Елдос Үсін және ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің негізін қалаушы Заурбек Райбаев сынды майталмандар қойған қазақ хореографиялық өнерінің інжу-маржандары енді.
«Азия аңыздары» деп аталатын бағдарламаның екінші бөлімі әлем халықтарының билеріне арналды. Петербург жұртшылығы жас талантты хореографтардың заманауи қойылымдарын көрді: Чаросой Джурабаева (Өзбекстан), Искандар Раджабов (Тәжікстан), сондай-ақ қазақстандық шеберлер Гүлсәуле Таурханова, Алмат Шәмшиев, Санам Аманова, Қуанышбек Төлеген және Талғат Ахметов. Аудитория орыс, ұйғыр, татар, қытай, өзбек, тәжік, моңғол билерін және т.б. шабытпен қабылдады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, ҚР мәдениетінің үздігі, күйші Рахат Сәрсенов, халықаралық вокалдық конкурстардың лауреаты Әлия Кикенова да ресейлік көрерменге өз шеберлігін жарқын көрсетті.
Көрермен өз алғысын қошеметпен, толастамайтын шапалақпен білдірді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ансамблі ұлттық мәдениеттің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлілігін толыққанды көрсете алатын бірегей би ұжымы екенін тағы да дәлелдеді.