«Астана Опера» театрында Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған концерт өтеді

«Астана Опера» театрында Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған концерт өтеді

Музыкалық кештің авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сопрано Ғалия Байғазинова. Ол әріптестері - «Астана Опера» театрының солистері және шақырылған әртістермен бірге композитордың танымал және сирек орындалатын шығармаларын орындайды.

Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы «Астана Опера» театрының репертуарында ерекше орын алады. Өткен жылдың қараша айында атақты композитордың 100 жылдығына орай театрдың Үлкен залында оның «Айсұлу» комедиялық операсының премьерасы үлкен жетістікпен өтті, ол сыншылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Мерейтойлық датаға арналған іс-шаралар елордалық театрда биыл да жалғасын табады.

«Қазақ мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған Сыдық Мұхамеджановтың еңбектері ешқашан сұранысы мен өзектілігін жоғалтпайды, өйткені оның музыкасында дәстүр, өсиет, тәрбие өрілген. Оның әндері терең лирикасымен және әуезділігімен баурап алады. Мен осы талантты композитордың музыкасымен алғаш рет консерваторияда оқып жүргенімде таныстым. Содан бері оның әндері мен романстары менің репертуарымнан кеткен жоқ - мен оларды жеке концерттерде орындауды жалғастырып келемін және әрқашан көрермендерге орындалмаған жаңа туындыларды ұсынуға тырысамын. Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы менің жүрегімде ерекше орын алады деп сенімді түрде айтуға болады», – деп бөлісті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова.

Идея авторы Ғалия Байғазинова композитордың аз танымал және жарияланбаған шығармаларын іздестіріп, концертке ұзақ дайындалғанын айтты.

«Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арнап, осылайша оның рухына тағзым ету идеясы менің жанымда бұрыннан бар еді. «Әнмен өрілген ғасыр» концертінің атауы терең символдық мағынаға ие, өйткені оның музыкасы көптеген онжылдықтар бойы естіліп келеді. Осы мерейтойлық концертте мен бұрын-соңды орындалмаған әндерді ұсынғым келді. Оның шығармашылығымен таныс емес тыңдармандарды оның тамаша туындыларымен, оның ішінде қобызға арналған концертімен таныстыруды жоспарлап отырмын», – деп қосты әнші.

Ғалия Байғазиновамен бірге Камералық зал сахнасына оның әріптестері – опера труппасының солистері халықаралық байқаулардың лауреаттары Дінмұхамед Қошқынбаев пен Талғат Аллабиринов, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дауытовтың жетекшілігімен театр хоры шығады. Сонымен қатар, кеш аясында халықаралық байқаулардың лауреаты, сопрано Жұлдыз Нәкен өнер көрсетеді. Фортепиано партиясын театрдың концертмейстерлері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова мен Айшабибі Асқарова орындайды.

Концерттің мазмұнды бағдарламасына Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған Сыдық Мұхамеджановтың шығармалары енді: «Құлақтан кіріп бойды алар», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге, көңілім, тоярсың», сондай-ақ Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған романстар мен әндер – «Бозторғай», «Жазғы таңнан бері», «Қарқаралы». Сегіз серінің «Әйкен-ай» әнінің және Джордж Байронның «О, как поешь, милая, ты» шығармасы кештің сәнін келтіреді.

Сонымен қатар, сирек орындалатын «Сағындым-ау», «Жазғы дала», «Қызғалдақ», «Алматы вальсі», «Көктем вальсі» секілді шығармалар да орындалады. Көрермендерді «Айсұлу» операсынан Айсулудың ариясы және «Ақан сері – Ақтоқты» операсынан Ақтоқтының ариясы да қуантады.

Концерт аясында К. Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында алғаш рет Сыдық Мұхамеджановтың қобызға арналған концерті Мәдениет саласының үздігі (ҚР Мәдениетінің үздігі) төсбелгісінің иегері қобызшы Кенжегүл Мұсаеваның орындауында ұсынылады. Фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты Шахизада Күлсейітова орындайды.

475
20.01.2025