Бейімбет Майлиннің әңгімелерінің желісі бойынша түсірілген «Талақ» көркем фильмі 26-Шанхай халықаралық кинофестивалінің (SIFF) негізгі конкурстық бағдарламасына енді. Негізгі конкурстық бағдарламаға барлығы 14 фильм енді. Кинофестивальдің бас жүлдесі үшін Аргентина, Германия, Қазақстан, Иран, Испания, Қытай және Ресей фильмдері сынға түседі.
«Біз фильмімізді кинофестивальдерде көрсетуді жоспарладық. Қытайдағы ең ірі, беделді Шанхай халықаралық кинофестивалінің алаңында бұл мүмкіндіктің туындағанына өте қуаныштымыз. Бұл біздің бүкіл кинематографиямыз үшін үлкен оқиға. Тарихи картина шетелдік көрермендердің назарын аударып, қазақ халқының ерекше даналығымен және құндылықтарымен есте қалады деп үміттенемін», - деді фильм режиссері Данияр Саламат.
Фильмнің оқиғасы өткен ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында өрбиді. Бұл жылдары ұжымдастыру басталып, елде социализмнің жеңісі туралы жария етілді. «Шығыс әйелдерін азат ету» деген танымал ұрандардың бірі айтылды. Данияр Саламаттың әсерлі фильмі дәстүрлі қазақ көшпелі өмірінің соңғы жылдары және түбегейлі өзгерістердің қайғылы салдалары туралы баяндайды. «Талақ» фильмінің атауы некелік қатынастарды бұзуды ғана емес, адамдарды аямайтын қатыгез уақытты да білдіреді. Өтпелі кезең қоғамдық құрылысты және халықтың көп ғасырлық өмір салтын өзгертті.
«Біздің фильм Майлиннің екі әңгімесіне негізделген - «Әже» және «Талақ». Олар экрандау үшін өте қолайлы. Көрерменге түсінікті кейіпкерлер керемет жазылған. Сонымен қатар, бұл Майлиннің шығармалары өткен ғасырдың 20-жылдарында болған оқиғаларды шынайы көрсететіндігімен де құнды. Мен Майлиннің шығармаларын бала кезімде оқыдым. Есейген шағыңда оларды басқаша қабылдайсың, мағынасын көпшілікке жеткізгің келеді. Өкінішке орай, әр жылдары «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша Майлиннің шығармалары бойынша тек екі қысқа метражды фильм ғана түсірілді, сондықтан толық метражды көркем фильм жасау идеясы пайда болды», - деді Данияр Саламат.
Фильмді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен SoftNet кинокомпаниясы түсірді. Тарихи картинаның түсірілімі Алматы облысында, Әулиеағаш ауылының маңында өтті.
Киновед Гүлнара Әбікееваның пікірінше, Данияр Саламат «қазақша жазатын және қазақша ойлайтын» қазақтілді режиссерлердің қатарына жатады, сондықтан оның «Әкесі екеу», «Кішкентай», «Сағынтайдың бірінші әйелі», «Біздің үй» фильмдері қазақ менталитетімен суарылған. Киновед «Талақ» фильмін «ұлттық жадының маңызды кірпіші» деп атайды.
Ескертпе: Шанхай халықаралық кинофестивалі 1993 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның қазылар алқасының құрамында әр түрлі уақытта Оливер Стоун, Карен Шахназаров және басқа да кинематографистер болды. SIFF бұрыннан аймақтық шара болудан қалды. Оған тек азиялық қана емес, әлемдік кинематография жұлдыздары да келеді. Көрсетілімге қатысуға өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың желтоқсан айының ортасында басталды. Наурыз айының соңына қарай ұйымдастырушылар әлемнің 105 елі мен аймағынан 3,3 мыңнан астам жұмыс қабылдады.