Өз бастауына оралған музыка

Өз бастауына оралған музыка

Музыкант үшін туған сахнаға оралу ешқашан қатардағы концерт бола қоймайды. Оқу, халықаралық байқаулар мен шетелдегі өнер сапарлары өткен жылдар ішінде оның орындау шеберлігі шыңдалып, репертуары кеңейеді, өзіндік мәнері қалыптасады. Алайда өнерпаздың қаншалықты өскені, үлкен музыка әлемінен не үйреніп, қандай жаңалық әкелгені туған елінде айрықша анық сезіледі.

«Опералия» фестивалінде бұл идея екі түрлі концерт арқылы көрініс тапты. «Viva Cello» симфониялық кеші әйгілі шебер мен қазақстандық виолончельшілердің жаңа буынын бір сахнада тоғыстырса, «Piano Stories: Шопеннен Прокофьевке дейін» концерті Мәскеу консерваториясында білім алып жүрген жас пианистерді таныстырды.

«Viva Cello» кешінің басты тұлғасы белгілі виолончельші Эльдар Сапараев болды. Бүгінде ол Еуропа мен Азияның ірі концерт залдарында өнер көрсетіп, Любляна музыка академиясында сабақ береді. Соған қарамастан, қазақстандық виолончель мектебіне қолдау көрсетуді өз қызметінің маңызды бағыттарының бірі санайды.

Онымен бірге сахнаға шәкірттері Батырхан Иссақ пен Данагүл Әжікенова шықты. Екеуі де елден тысқары жерлерде өздерін танытып үлгерген жас орындаушылар. Батырхан Бухарестте өткен CellEast байқауында жеңіске жетіп, Италиядағы халықаралық сайыстың лауреаты атанды. Ал Данагүл Францияда, Прага мен Люблянада өнер көрсетіп, New European String камералық оркестрімен жеке орындаушы ретінде сахнаға шықты, сондай-ақ америкалық iPalpiti ұжымының гастрольдік сапарына қатысты.

Алайда Астанада олардың жетістіктері марапаттар тізбегі ретінде ғана қабылданған жоқ. Жас музыканттардың қазақстандық тыңдарман алдында алғаш рет орындалған күрделі шығармаларды қалай игергенін есту әлдеқайда маңызды еді.

Батырхан Иссақ Камиль Сен-Санстың Виолончельге арналған екінші концертін орындады. Бұл – композитордың Бірінші концертіндей кеңінен танылмағанымен, бояуы қанық, ішкі ширығуы мол күрделі туынды. Мұнда солистке бір сәт те босаңсуға мүмкіндік берілмейді. Шығарма орындаушыдан барынша жинақылықты, қуатты серпін мен ең күрделі тұстардың өзінде музыкалық ойдың айқындығын сақтай білуді талап етеді.

Данагүл Әжікенова Артюр Онеггердің виолончельге арналған концертін ұсынды. Эльдар Сапараев бұл партитураны Жапония көріністерімен байланыстырады. Алғашқы бөлімнен ол көне Киото мен заманауи Токио арасында жүйткіген пойыздың қозғалысын, терезе сыртында алмасып жатқан күріш алқаптары мен алыстан мұнарланған Фудзияма сұлбасын естиді. Ал екінші бөлім оған Кабуки театрын – оның шартты бейнелеу тәсілін, мәнерлі қимылын және ішкі драматизмін елестетеді.

Осылайша сирек орындалатын шығарма бейтаныс партитура күйінде қалмайды. Ол орындаушының жеке әсерлері мен бейнелі түйсігі арқылы жаңа мазмұнға ие болып, тыңдарманды еуропалық музыка мен жапон эстетикасының арасындағы өзгеше сапарға жетелейді.

Кештің шарықтау шегі үш виолончель мен оркестрге арналған Джованни Соллиманың «Caravaggio» шығармасы болды. Эльдар Сапараев оны шәкірттерімен бірге орындады.

Туындының негізінде Соллима Италияның оңтүстігіндегі бір шіркеуден тапқан көне хоралдың тарихы жатыр. Бұл әуен Караваджоның «Мәсіхті дүрелеу» картинасымен байланыстырылады. Композитор ежелгі музыкалық сарынға шығарманың басы мен соңынан орын беріп, ортаңғы бөлігін ширығуы жоғары музыкалық драмаға айналдырған.

Мұнда үш виолончель жеке-жеке өнер көрсететін солистер ретінде емес, біртұтас әрекеттің қатысушылары секілді естіледі. Олардың үндері бір-біріне жақындап, өзара таласып, кейде қабаттаса түсіп, көркемсуреттегі көріністі дыбыс әлемінде жалғастырғандай әсер қалдырады. Бұл туындыны алғаш рет тыңдаған қазақстандық көрермен сирек музыкалық шығармамен ғана емес, Караваджо тарихының көпшілікке беймәлім қырымен де танысты.

Трионың құрамы да орындауға айрықша мән дарытты. Ұстаз бен оның шәкірттері бір партитураның ішінде тоғысты. Мұнда тәжірибе жастық жігерді көлеңкеде қалдырмай, керісінше, оның еркін ашылуына жол берді. Өнердегі сабақтастық дерексіз ұғым ретінде емес, тыңдаушыға анық естілетін шынайы құбылысқа айналды.

Фестивальдің келесі кеші туған сахнаға оралу тақырыбын фортепиано үні арқылы өрбітті. «Piano Stories» концертінде Петр Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында білім алып жүрген қазақстандық пианистер Бекзат Рақымов, Санжаралы Қопбаев және Бейбарыс Смайыл өнер көрсетті.

Олардың бағдарламасы түрлі дәуірлер мен сан алуан көңіл күйді қамтыды. Шопен полонезінің асқақ та бекзат серпінінен Брамстың Паганини тақырыбына жазған вариацияларындағы шегіне жеткен виртуоздыққа, Балакиревтің «Исламейіндегі» шығыстық қуаттан Прокофьевтің Жетінші сонатасындағы мазасыз ырғаққа дейінгі кең музыкалық әлем ұсынылды.

Морис Равельдің «Вальсі» бағдарламада ерекше орын алды. Шығарма алғашында салтанатты бидің алыстан жеткен елесіндей басталады. Алайда бірте-бірте оның қалыпты қозғалысы бұзылып, музыка тоқтаусыз үйірілген құйынға айналады. Мұнда сұлулық күйреу сезімімен қатар өмір сүреді, ал таныс вальс ырғағы барған сайын ширығып, тіпті үрейлі сипатқа ие болады.

Концерттердің бірінде жас музыкант алып оркестрмен бетпе-бет келсе, екіншісінде орындаушы рояльмен және классикалық шығарманы өзінше пайымдау жауапкершілігімен оңаша қалды. Осы екі кеш біріге келе, қазақстандық өнерпаздардың жаңа буыны туралы тұтас музыкалық әңгімеге айналды.

«Туған елдегі концерттер» жобасының маңызы да осында. Музыканттар шетелде жеткен жетістіктері туралы ресми есеп беру үшін емес, жаңа шығармаларды, тың орындаушылық идеялар мен халықаралық сахнада жинаған тәжірибесін елге жеткізу үшін оралады.

Олар білім алу, байқауларға қатысу және өнердегі өз үнін табу үшін шетелге аттанады. Алайда осы жолдың шынайы мәні туған елде айрықша ашылады. Өйткені өнерпаздармен бірге бұған дейін бұл сахнада естілмеген музыка да үйіне оралады.

299
08.07.2026